Жаңатас қаласында кезекте тұрған отбасыларға пәтер кілттері табысталуда
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша есеп берді. Баспасөз мәслихатында аудан басшысы тұрғын үй қорын арттыру, халықты баспанамен қамту және Жаңатас қаласындағы пәтер кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу бағытындағы атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Самұрық Қазына» қорынан 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй салынып, 1-ші шағын аудандағы №45 көпқабатты үй қайта жаңғыртудан өтті.
Аталған үйлердегі 123 пәтер және бұрын қалпына келтірілген нысандардағы 59 пәтер «Отбасы банк» АҚ теңгеріміне берілді. Қазіргі таңда банк тарапынан 115 пәтердин кілті әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды, қалған 67 пәтер де кезек ретімен үлестіріледі. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Жаңатаста тағы да 20 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 411,5 миллион теңге қарастырылған.

