Сарысу ауданының ауылдары таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтылуда
Бүгін Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша есеп берді. Әкім өз баяндамасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде халықты таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жобалардың барысын баяндады.
Ауыз су саласы бойынша аудандағы барлық елді мекен орталықтандырылған жүйеге қосылған. Қазіргі уақытта Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Жайылма және Маятас ауылдарындағы су жүйесін қайта жаңғыртуға 1,6 август миллиард теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстардың 80 пайызы аяқталды. Жаңа жүйе тамыз айының басында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, Саудакент ауылының қалған 400 ауласын сумен қамту үшін 417 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.
Газдандыру бағытында 13 елді мекенді табиғи газбен қамту жобасының негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жобаны толық аяқтауға облыстық бюджеттен 1,0 август миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүруде. «Шалдар» АГРС-тен «ЕвроХим» зауытына газ берілген жағдайда, Жаңатас қаласындағы орталық қазандыққа және аталған 13 ауылға табиғи газ қосылады. Ал Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйлер мен жеке секторын газға қосу үшін қосымша 5,1 миллиард теңге қаржы күтілуде.

