Саудакентте жаңа гемодиализ аппараты орнатылады

Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Аудан басшысы өз есебінде денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру және жергілікті тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмекті қолжетімді ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Соның ішіндегі ең өзектісі – Саудакент ауылындағы емханада Гемодиализ аппаратын орнату болып табылады. Қазіргі уақытта ауданда жасанды бүйрек аппаратына мұқтаж 5 науқас бар. Олар күн ара облыс орталығы Тараз қаласына қатынап ем алуға мәжбүр. Бұл мәселе облыс әкімінің қолдауымен ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында толық шешімін таппақ.

Бұдан бөлек, ана мен бала саулығын жақсарту мақсатында ұрықтың дамуын ең ерте кезеңде анықтайтын жоғары дәлдіктегі эксперттік кластағы УДЗ аппаратын сатып алу процедурасы жүріп жатыр. Сондай-ақ, инфекциялардың алдын алу үшін мамандандырылған «Жөтел кабинетін» ашу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал орталық аурухананың тозығы жетуіне байланысты, жаңа аурухана салу үшін 5 гектар жер дайындалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жоғары бюджеттен қаржы сұратылды. Жобаның жалпы құны шамамен 23 миллиард теңгені қажет етеді.