Ислам даму банкінің қолдауымен Сарысу ауданында 10 канал жөнделеді
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен есептік кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады. Есепті баяндама барысында аудан басшысы суармалы егістікті сумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен гидронысандарды қалпына келтіру мәселесінің шешілу жолдарына тоқталды.
Әкімнің айтуынша, аудандағы барлық 16 каналдың тозығы жетуіне байланысты бұрын 4 000 гектар алқаптан тек 2 700 гектарына жуық жерге ғана су жетіп келген. Осы мәселені реттеу үшін «Ислам Даму Банкінің» қаржыландыруымен 2026–2028 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 62,1 shақырымды құрайтын 10 каналды жөндеу жоспарланды.
Қазіргі таңда «ҚазСуШар» мекемесінің ұйымдастыруымен 4 каналда (Тасарық, Кедей, Байшахан және Төменгі Бүркітті) құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Онда ескі лотоктарды алу және жерді тегістеу жұмыстары атқарылуда. Жөндеу жұмыстарын келесі жылдың вегетациялық кезеңіне дейін аяқтау көзделіп отыр. Жақын арада Өтес және Сарыөзек каналдарын қалпына келтіру басталады. Каналдар толық жөндеуден өткен соң, 4 000 гектар алқапқа су толық жеткізіліп, қосымша 300 гектарға жуық жер айналымға қосылады.

