Игерілмеген 6 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Бүгін Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында ауданның даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Жиын барысында әкім Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне кері қайтару бағытында атқарылған жүйелі жұмыстар қорытындысын жариялады.
Баяндамаға сәйкес, ағымдағы жылы жоспарланған 6 000 гектар жайылымдық учаске толығымен мемлекеттік меншікке, яғни ауданның босалқы жер қорына қайтарылып, жоспар 100 пайызға орындалды.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылы да 15 128,7 гектар жайылымдық алқап мемлекетке кері алынған болатын. Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі елді мекендерде ұзақ уақыт бойы өзекті болып келген жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толық шешімін тапты.

