Заңға құрмет – ел болашағына жауапкершілік

 

Түркістанда «Заңға құрмет – ел болашағына жауапкершілік» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Түркістан облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиынның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын, оның қоғамдық келісімді сақтаудағы, заң үстемдігін нығайтудағы және отбасы институтын қорғаудағы маңызын кеңінен түсіндіру болды. Өйткені кез келген мемлекеттің беріктігі мен әділдігі отбасындағы тәрбиеден бастау алып, заңға деген құрметпен бекиді.

 

Жиында Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова сөз сөйлеп, Конституцияның ел бірлігі мен тұрақты дамуының берік негізі екенін баса айтты. Ал «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева жаңа құқықтық кеңістікте әрбір азаматтың қоғам мен ел алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді. Кездесуге қатысушылар құқықтық мәдениетті жастардың бойына сіңіру, Конституция құндылықтарын кеңінен насихаттау және ұлттық дәстүрлер мен заң талаптарын ұштастыру төңірегінде салмақты ой қозғады. Заңға құрмет ету – ел болашағын жарқын етуге қосылған үлкен үлес.