Түркістандық полицейлер балаларға балмұздақ таратып, қауіпсіздікті насихаттады
Киелі Түркістанда қала тұрғындарының игілігі үшін түрлі жиындар өткізіліп келеді. Ал бүгінгісі бұрынғыдан өзгерек. Полиция қызметкерлері аптап ыстық күндері балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ерекше акция ұйымдастырды. Өңірдің тәртіп сақшылары көшеде серуендеп жүрген бүлдіршіндерге балмұздақ таратып, жазғы демалысты шаттыққа бөледі. Акцияның басты ерекшелігі ретінде әр балмұздақтың сыртына жол қозғалысы, судағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас және төтенше жағдайларда өзін ұстау ережелері жазылған арнайы жапсырмалар орналастырылды. Осылайша түркістандық балалар сүйікті тәттісінен дәм татып қана қоймай, маңызды қауіпсіздік қағидаларын да еске түсірді. Полицейлер бүлдіршіндермен еркін әңгімелесіп, жолдан қалай дұрыс өту керектігін, көшеде жалғыз жүргенде нені ескеру қажет екенін түсіндірді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай акциялардың басты мақсаты балаларға қауіпсіздік мәдениетін қызықты әрі есте қаларлық форматта жеткізуге бағытталыпты. Ал бүлдіршіндер үшін бұл күн тәтті балмұздақпен ғана емес, полицейлердің қамқорлығы мен жылы лебізіне толы ерекше сәт ретінде есте қалды.

