Заң нормаларын түсіндіруге арналған семинар өтті
Киелі шаһардағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының нормаларын түсіндіруге арналған семинар өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі діңгегі – Заң мен Тәртіптің үстемдігі. Азаматтардың құқығы толық қорғалғанда, мемлекеттік аппарат халыққа ашық әрі адал қызмет еткенде ғана біз дамыған қоғам құрамыз» деп атап өткен болатын. Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде өз күшіне енді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жаңадан қабылданған заңнамалық өзгерістерді жан-жақты түсіндіру, мемлекеттік қызмет саласындағы құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын нығайту. Семинарға Түркістан облысы әкімі аппаратының, облыстық басқармалар мен аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, заңнамалық өзгерістердің практикалық қолданылуы мен мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру бағыттары бойынша пікір алмасты. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кәсібилік пен жауапкершілікті арттыруға, сондай-ақ заң талаптарын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді.

