Түркістандық боксшылар Азия чемпионатынан 2 алтын және 2 күміс медальмен оралды
Спорт – елдің абыройын асқақтатып, жастардың бойында патриотизм мен қайсарлықты қалыптастыратын басты саланың бірі. Индонезияның Джакарта қаласында 3-16 шілде аралығында бокстан U19 және U23 жас санаттары бойынша өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері ел қоржынына 2 алтын және 2 күміс медаль салды. Жоғары дайындық пен намыс оты шаршы алаңда отандық спортшыларымыздың үстемдік етуіне мүмкіндік берді.
U23 санатында 75 келіде Аман Қонысбеков барлық қарсыласын ұтып, Азия чемпионы атанса, 60 келіде Нұрасыл Төлебек күміс жүлдені еншіледі. Бұдан бөлек, әйелдер арасында 75 келіде сынға түскен Шұғыла Нәлібай Азия чемпионы атанып, алтын медаль алса, 57 келідегі Ұлжан Сәрсенбек күміс жүлдегер атанды. Ел намысын биік ұстаған спортшылар мен олардың бапкерлерін Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен еңбек сіңірген жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов арнайы қабылдап, құттықтады. Осылайша «Түркістан» кәсіпқой бокс клубының шәкірттері өздерінің еңбекқорлығымен жастарға үлгі болып, көк Туымызды халықаралық аренада биікке көтеретін спортшыларға айналды.

