АЛДЫМЕН 66-БАП БОЙЫНША ҚАНДАС БАЛАЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАЙ БЕРІҢІЗ, ҚАЛҒАНЫН АСЫҚПАЙ ШЕШЕСІЗ! ҚР Оқу-ағарту министрі

Ж.Д. Сүлейменоваға!
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Мен Сіздің атыңызға арнайы хат жазып, Атажұртына көшіп келіп, осы жылдың ақпан айынан бері қатаң атқарыла бастаған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың кесірінен Қазақстан азаматтығын ала алмай отырған 427 этникалық қазақ отбасының тізімін жолдап отырмын.
Олардың құжаттан алмай қалуының себебі біреу-ақ!
Ол – аталған «Бірлескен бұйрықтың» шарттарының заңсыздығы мен ауырлығы!!!
427 отбасы – аз сан емес!
Бұл – менің қолыма түскендері ғана!
Ал, жалпы құжаттана алмай отырған ағайындарымыздың саны бұдан әлдеқайда көп, екі-үш есе артық болуы мүмкін.
Тізімдікке қарап отырсақ, олардың біразы көпбалалы отбасылар.
Өздерінің айтуларына қарағанда, «Қандас» мәртебесін алғандары да жетерлік екен. Бір бөлімі Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғандар болып шықты.
Соған қарамастан, ондай санаттағы отбасылар да құжаттана алмай отыр.
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Әрине, бұл мәселеге Сіздің және Сіз басқарып отырған министрліктің қатысы жоқ!
Бірақ, осы құжаттана алмай отырған 427 отбасы мүшелерінің қомақты бөлігі оқу жасындағы балалар екенін назарыңызға салғым келеді.
Өзіңіз жақсы білетін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі №468 Бұйрығының «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының 66-бабына сәйкессіздігі – жығылғанға жұдырық болып тұр!
Осы СӘЙКЕССІЗДІКТІҢ кесірінен, аталған 427 отбасы мүшелерін қоса алғанда, Атажұртына көшіп келген этникалық қазақтардың мектепке түсуі – алынбас қамалға айналды! Көп өңірде олардың «Білім туралы» заңның 66-бабындағы («1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.») құқығы бұзылып жатыр.
Осы СӘЙКЕССІЗДІК мәселесін шешу туралы Өзіңізге жазған үш хатыма да жауап алдым.
Соңғы хатыма Орта білім беру комитетіның төрағасы Қаныбек Жұмашев: «Сіз көтерген мәселелер мен ұсыныстар Комитет тарапынан зерделеніп, қолданыстағы заңнамаға және құқық қолдану практикасына талдау жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі № 468 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі белгіленген тәртіппен қарастырылуда. Нормативтік құқықтық актінің жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес келісу және қабылдау кезеңдерінен өтетін болады. Сіздің өтінішіңізде көтерілген ұсыныстар аталған жұмыс шеңберінде ескерілетін болады…» ( ЖТ-2026-02613251) деп жауап беріпті.
Демек, бұл жауап – мен көтеріп отырған мәселенің шын екенін — №468 Бұйрықтың 66-бапқа сәйкес жасалмағанын Оқу-ағарту министрлігінің толық мойындаған көрсетеді!
Ол үшін Сізге және Сіз басқарып отырған ұжымға рахмет!
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Бірақ, Қаныбек Жұмашевке сенсеңіз, мына түрінде, бұл мәселе биыл шешілмейді!
Атажұртқа оралған қандас балалардың сорлағаны – сорлаған!
Мектептер оқуға қабылдағаны туралы анықтама бермесе, Көші-қон қызметі департаменттері оларға виза бермей, сорлатып жатыр.
Ал, анықтама бермей жатқан мектептер жетерлік!
Керек болса, мен олардың да тізімін жасап берейін Сізге…
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Сізден №468 Бұйрық пен 66-баптың сәйкессіздігін шешкенше, қандас балалардың мектепке түсу, виза алу мәселесін алдын-ала шешіп беруіңізді өтінемін!
Оқу-ағарту департаменттері мен барлық мектептер «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының 66-бабынның 1 тармағын басшылыққа ала отырып, қандас балалардың мектепке түсуін толық, кедергісіз қамтамасыз етуі керек!
Қысқасы, алдымен 66-бап бойынша қандас балаларды мектепке қабылдай беріңіз, қалғанын асықпай шешесіз!
Әйтпесе, Заң мен Тәртіп қағидаты – бос сөз күйінде қалады!
Егер, бұл ұсынысым орындалмаған жағдайда, нақты себебін көрсете отырып, ашық жауап беруіңізді сұраймын!
Ескерту: 427 отбасының тізімі қоса тіркелді.
Құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК,
«Ерен еңбегі үшін» медальының,
«Құрмет» орденінің иегері
Ауыт Мұқибек facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1BDvEaf8Lc/