Түркістанда «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті

 

Түркістан төріндегі еңселі «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі жоғары деңгейде өтті. Ауқымды мәдени шараның басты мақсаты композитордың заманауи ұлттық өнердегі орнын дәріптеу, жас орындаушыларды қолдау және халық жүрегінен орын алған әндердің мәңгілік құндылығын паш ету болып саналады. Мерекелік кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңірдің зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен қала қонақтары қатысты.

 

Фестиваль сахнасында елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жас өнерпаздар композитордың асыл әндерін шырқады. Кеште «Жігіттер», «Melomen», «Сарын», «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов және өзге де танымал әншілер өнер көрсетіп, көрерменге ерекше шабыт сыйлады. Айта кету керек, Президент бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, оны түркі әлемінің мәдени әрі туристік орталығына айналдыру бағытында кешенді жұмыстар жүруде. Соңғы жылдары өңірде 35 жаңа мәдениет нысаны ел игілігіне беріліп, туристер ағыны еселеп артты. Бұл фестиваль ұлттық руханиятымыздың сабақтастығын тағы бір мәрте айшықтады. Президент бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы Заң қабылданған. Ол құжатта Түркістанды түркі әлемінің мәдени, рухани, тарихи және туристік орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға мол мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде шаһарда тиісті жұмыстар атқарылып, туристер саны жылдан-жылға артуда.