Түркістанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша тазалық жұмыстары күшейтілді

Түркістан – баршамыздың ортақ үйіміз, сондықтан оның тазалығы мен көркіне жанашырлықпен қарау – әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының орындалу барысы сарапталды. Қаламызда аптап ыстыққа қарамастан коммуналдық қызмет жұмысшылары демалыс күндері де үздіксіз еңбек етіп, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуде. Өңірде қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау бағытында бақылау жұмыстары айтарлықтай күшейтілді.

 

Мәжілісте бей-берекет қоқыс орындарын жою және саябақтар мен скверлерді күтіп-ұстау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Арнайы мониторинг пен Telegram чат-бот арқылы келіп түскен тұрғындар өтініштері негізінде анықталған кемшіліктерді жедел жою бойынша жауапты әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктелді. Бүгінгі таңда анықталған олқылықтардың басым бөлігі толығымен ретке келтірілді. Түркістанның таза, жайлы әрі қауіпсіз болуы – әрбір тұрғынның патриоттық санасы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Тазалық пен тәртіпті сақтау арқылы біз сүйікті қаламыздың дамуына өз үлесімізді қосамыз.