Түркістандағы оқу ордасында Астана күніне арналған жиын өтті

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Астана күні мен Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Астана – Тәуелсіздіктің тірегі, Конституция – мемлекетіміздің темірқазығы» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды шараны аталған оқу ордасының Жастар орталығы ұйымдастырып, Әлеуметтік мәдени-даму вице-ректоры Еділ Төлегенов университеттің белсенді жастарымен кездесті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Астананың қалыптасу тарихы, оның еліміздің саяси, экономикалық және мәдени дамуындағы орны, сондай-ақ Қазақстан Конституциясының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі маңызы туралы мазмұнды пікір алмасты. Сонымен қатар, жастар арасында заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік, патриотизм және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің өзектілігі кеңінен талқыланды. Жиынға қатысқан студенттер өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, Конституцияда бекітілген қағидаттардың қоғамның тұрақты дамуы мен ел бірлігін сақтаудағы маңызын атап өтті. «Жаңа конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге кепілдік береді. Сонымен қатар күшіне енген жаңа Конституция, Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудың алғы шарты болып, еліміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.
Ал кез-келген елдің болашағы — ол жастар. Жастар қоғамның экономикалық белсенді тобын құрап, осындай келелі отырыстар — жастарымыздың құқықтық тұрғыда сауатты, саяси-құқықтық мәдениетінің қалыптасуына оң әсерін береді.» дейді қатысушылар

Кездесу барысында университет жастары құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай танымдық іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін айтып, оларды тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызына тоқталды. Жиынның басты мақсаты негізінен жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, елорданың ел тәуелсіздігін нығайтудағы тарихи және стратегиялық маңызын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам өмірінде Конституцияның айрықша рөлін түсіндіруге бағытталған.