Мектепке дейінгі ұйымдарда Ата Заң құндылықтары насихатталды
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының ұйымдастыруымен Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Түркістандағы мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарында бірқатар танымдық әрі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар аясында педагогтер арасында «Жаңа Конституция – педагогтің құқықтық мәдениеті және азаматтық жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізіліп, Конституцияның қоғамдағы орны, педагогтердің құқықтық мәдениетін дамыту және азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Тәрбиеленушілерге арналған «Ата Заң – тәуелсіздіктің тұғыры» тақырыбындағы шығармашылық сағаттарда Қазақстан Республикасының Конституциясы, мемлекеттік рәміздер, заңға құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызы туралы жас ерекшеліктеріне сай түсініктер берілді. «Ата Заң – тәуелсіздіктің тұғыры», «Біз – Қазақстанның бақытты балаларымыз», «Бақытты балалық шақ» тақырыптарында флешмобтар ұйымдастырылды. «Мен елімнің кішкентай азаматымын», «Бейбіт елім» тақырыптарында сурет салу, жапсыру және құрастыру жұмыстары өткізіліп, балалардың шығармашылық туындыларынан көрмелер жасақталды. Мерекелік бағдарламалар барысында тәрбиеленушілер патриоттық әндер орындап, тақпақтар оқыды, дидактикалық ойындарға қатысып, түрлі танымдық іс-шараларға белсенді атсалысты.
Аталған іс-шараларға сонымен қатар Түркістан өңіріндегі 1 441 мектепке дейінгі ұйымның 664-і қатысып, барлығы 664 іс-шара өткізілді. Оған 4 513 педагог пен 34 822 тәрбиеленуші қамтылды. Ата Заңды құрметтеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік құндылықтарды сіңіру – мектепке дейінгі тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсаттағы іс-шаралар балалардың азаматтық сана-сезімін қалыптастыруға, елінің тарихы мен мемлекеттік құндылықтарына құрметпен қарауына ықпал етті.


