Білімге ұмтылған жас – елдің ертеңі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және білікті кадрлар даярлау жөніндегі міндеттерді іске асыруды және елдің болашағы білімді жастар қолында екенін Мемлекет басшысы жиі айтып келеді. Осы мақсатта Түркістан қаласындағы Woosong University Kazakhstan университетінде дебат клубтарының көшбасшыларымен кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Дарынды балалар университет мүмкіндіктерімен танысты. Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығындағы «Жас лидер» және «Сиқырлы өнер әлемі» үйірмелерінің оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Woosong University Kazakhstan университетіне танымдық экскурсия жасады.
Экскурсия барысында оқушылар университеттің оқу үдерісімен, IT бағытындағы білім беру бағдарламаларымен және заманауи мүмкіндіктерімен танысып, университет басшысымен өткен ашық сұхбатта жоғары білім алу, болашақ мамандықтарды таңдау, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың даму бағыттары туралы өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Сонымен қатар «Woosong University Cup» киберспорт турнирімен танысып, цифрлық технологиялар мен командалық ойын мәдениетінің ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Мұндай кездесулер жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен танып-білуіне және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал етеді. Әрбір жаңа мүмкіндік жарқын болашаққа бастар жол болатыны сөзсіз.

