Түркістандағы этнос өкілдері және жастарымен кездесу өтті

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Менің жетістігім – Тәуелсіздігімнің жетістігі» тақырыбында этнос өкілдері және жастарымен кездесу өтті. Іс-шараны Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырып, кездесуді мекеме басшысының орынбасары Ерназар Баетов жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту мәселелері сөз болды.

Жиында «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Гүлнара Пернебаева халық Конституциясының маңызы мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жайында баяндама жасады. Сондай-ақ Түркістан облысы Әділет департаментінің өкілі Жармұхамбет Сапаров Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Халық кеңесінің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері туралы түсіндірме берді.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев жастардың азаматтық жауапкершілігі, қоғамдық келісім құндылықтары және «Өзара келісім – ең дұрыс шешім» қағидаты төңірегінде ой бөлісті. Сонымен қатар Түркістан облысы бойынша «Асық ату» ұлттық спортының бас маманы Нұрбек Әлібекұлы ұлттық спорт түрлерінің жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы айтып өтті.

Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, спикерлерге сұрақтарын қойды. Іс-шара барысында Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары – заң үстемдігі, қоғамдық келісім, этносаралық татулық пен жастардың белсенді азаматтық ұстанымы кеңінен насихатталды.