Түркістанда «Салауатты сана» жобасы аясында жастармен кездесу өтті
Киелі Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясында «Ана – отбасының жүрегі, тәрбиенің тірегі» тақырыбында жастармен тағылымды кездесу өтті. Кездесуге облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ардагері Дүйсенкүл Жамболова және қазақ спортының мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова қатысып, жастармен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында ана мейірімі мен тәрбиесінің ұлт болашағын қалыптастырудағы маңызы, салауатты өмір салтын ұстанудың қажеттілігі, отбасы құндылықтарын сақтау мен жастар тәрбиесіндегі ананың орны туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Бірлік пен ынтымаққа бастайтын тағылымды ойлар талқыланды. Жиында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбековаға «Ұлы Ана» медалі тағылып, құрмет көрсетілді. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды.
«Ұлттың болашағы саналатын саналы ұрпақ тәрбиелеуде аналардың еңбегі әрдайым жоғары бағалануға тиіс. Іс-шараның мақсаты – ана тәрбиесінің қоғамдағы рөлін дәріптеу, отбасы құндылықтарын нығайту және жастардың бойына патриоттық сезім, ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Ана – мейірімнің мекені, тәрбие мен парасаттың үлгісі» деген ұйымдастырушылар алдағы уақытта да отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастамаларды жалғастыратындарын жеткізді.

