Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды

Киелі шаһар төрінде келелі жиын өтті. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Ақжайық» музыка мектебінде қаланың ардагерлері және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиын барысында қала әкімі ақсақалдарға құрмет білдіріп, олардың Түркістанның өсіп-өркендеуіне, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюына, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге қосып келе жатқан сүбелі үлестерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндады.

Кездесуде ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қала өміріндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу өтті. Өз кезегінде қала әкімі көтерілген бастамалар мен орынды ұсыныстар алдағы жұмыстар барысында жан-жақты қаралып, тиісті деңгейде назарға алынатынын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанды дамыту жолындағы жұмыстарда ел ағаларының ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесінің маңызы зор екенін жеткізді.