Ерте араласу жүйесінің мақсаты — балалардың дамудағы бұзылыстарын ерте анықтау
— Нұрзия Ағабекқызы, сіз осыдан біраз жыл бұрын «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығы» КММ директоры болып істедіңіз. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын сезініп, оларға қамқорлық жасап, тығыз қарым-қатынаста болдыңыздар.
— Иә, күндізгі болу орталығы 2012 жылдың сәуір айында құрылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымындағы №230 бұйрығына сәйкес күндізгі жартылай стационар әлеуметтік қызмет көрсету 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар балалардың күндізгі болуына арналған және ересек адамдардың қызмет алушыларына арналған. Орталықтың қызмет алушылары аудандарға сәйкес 8 топқа бөлінеді. Бөлімшелерді ашудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту, бейімдеу, әлеуметтендіру және қоғамға толыққанды қалыптастыру және Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы ата-аналарды жұмысқа орналастыруға көмектесу. Күндізгі болу орталығының негізгі мақсаты – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке дамуы мен әлеуметтік бейімделуін жақсарту, арнайы әлеуметтік қызметтерді сапалы және тиімді көрсету, сондай-ақ қызмет алушыларды дербес өмірге бейімдеп, қоғамға толыққанды араласуға көмектесу. Ата-аналардың өтініші бойынша оңалту орталығына 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдардың қажеттілігін ескере отырып, Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бұйрығымен 18 жастан 35 жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамдар үшін 50 қызмет алушыға арналған арнайы оңалту орталығы ашылды.

— Енді Алматы қаласының Еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарамағында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «Ерте араласудың әлеуметтік қызметтер орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы жүзеге асырылатын ерте араласу бағдарламасы іске асырылып жатыр екен. Осы мекемеге біраздан бері келіп, басшылық жасап жатқаныңызды естіп жатырмыз.
— Бұл орталық өзіңіз айтқандай Алматы қаласының Еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарамағында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 2024 жылғы 4 желтоқсаннан бастап жұмысқа кірісті. Алматыдағы ерте араласу жүйесі балалардың дамудағы бұзылыстарын өмірдің ең ерте кезеңінде анықтауға және кешенді көмек көрсетуге бағытталған. Бұл шара балалардың мүгедектік деңгейін төмендетіп қана қоймай, олардың және отбасыларының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Ерте араласу бағдарламасы Алматы қаласы әкімдігінің басымдықтарының бірі болып табылады. Алматы қаласында ерте араласу бағдарламасын жүзеге асырудың негізі 2023 жылы өткізілген пилоттық жобаның нәтижелері мен үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда «Кеңес», «АРДИ» және «Дара» қоғамдық қорының құнды тәжірибесіне сүйенеді.
Алматы қаласында құрылған Ерте араласу орталығының ерекшелігі – бұл Орталықтың денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау басқармалары арасындағы ведомствоаралық өзара әрекеттесу жүйесін енгізуінде. Баланың функционалдық мүмкіндіктерін бағалау нәтижелеріне сүйене отырып, жеке ерте араласу бағдарламасын әзірлейтін мамандардан тұратын көпсалалы команда құрылды. Команданың құрамына педиатр дәрігер, физиотерапевт, психолог, арнайы педагог, әлеуметтік жұмыс маманы, эрготерапевт және логопед кіреді.

Орталықтың қызметін қамтамасыз ету мақсатында тиісті қаржыландыру көзделген, сондай-ақ қызметкерлер штаты (63 бірлік) үшін ғимарат бөлінген. Ғимарат Институттың техникалық тапсырмасына сәйкес жабдықталған, бұл Санкт-Петербург қаласындағы Ерте араласу институтының стандарттарына сәйкес жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Орталық мамандары (логопед, педиатр, физиотерапевт, психолог, арнайы педагог, әлеуметтік жұмыс маманы) Санкт-Петербург қаласындағы Ерте араласу институтында «Ерте көмек бойынша трансдисциплинарлық маман» мамандығы бойынша онлайн оқытудан өтті.
Ағымдағы жылдың басынан бері Орталық мамандары 0–3 жас аралығындағы балалар мен олардың отбасылары үшін қызметтер көрсетіп, қажеттілік тізімдерін жасады. Өткізілген қызметтерге скрининг, диагностика, бастапқы қабылдау және тереңдетілген бағалау кіреді. Ерте араласу регистріне 99 баланың деректері енгізіліп, олар диагностикаланды. Көрсетілген қызметтерге педиатр, реабилитолог, психолог, логопед, дефектолог, эрготерапевт, еңбек терапевті және трансдисциплинарлық мамандардың қызметтері кірді.

— Орталықта осы уақытқа дейін біраз игі шаруалар атқарып үлгерген шығарсыздар? Соларды айтып өтсеңіздер?
— Биылғы жылы істеген жұмыстарымызды атап кетейін. 2026 жылғы 26 қаңтарда Интенсивті оңалту және ерте араласу білім беру-ресурстық орталығының директоры Брежнева И.В.-мен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында мамандардың практикалық қызметіне, сондай-ақ ата-аналардан бастапқы жүгіну кезінде және балаларды сүйемелдеу процесінде мәліметтер жинау ерекшеліктеріне қатысты мәселелер талқыланды. Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауаптар мен практикалық ұсынымдар берілді. 2026 жылғы 9 ақпанда тренинг өтті. Тренингті Молдабекова Р.С. жүргізді. Тренингтің мақсаты – қызметкерлердің күйзеліс жағдайындағы өз психоэмоциялық жай-күйін түсінуіне жағдай жасау, күйзеліс факторларына жеке реакцияларын зерделеу және эмоциялық шиеленістің алдын алу. 2026 жылғы 13–14 ақпанда орталық мамандары Марат М.Д. және Ержанқызы А. Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалы ұйымдастырған «Демалыс күнгі кәсіподақ мектебі» көшпелі іс-шарасына қатысты. Іс-шара кәсіподақ қызметіндегі цифрландыру және жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелеріне арналды. Қатысушылар «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шартты әзірлеу және қол қою» және «Кәсіподақ жұмысындағы жасанды интеллект» тақырыптары бойынша оқытудан өтті. 2026 жылғы 17 ақпанда тренинг өткізілді. Тренингтің мақсаты – мамандардың эмоциялық интеллект саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын орынды әрі этикалық тұрғыдан пайдалану дағдыларын қалыптастыру. 2026 жылғы 19 ақпанда Ерте көмек көрсету орталығы «Шапағат» орталығынан эстафетаны қабылдады. Орталық мамандары флешмоб ұйымдастырды. Флешмобтың мақсаты – кәсіби эстафетаны келесі орталыққа табыстау арқылы Ерте араласу орталығының құндылықтарын насихаттайтын бейнеманифест әзірлеу. Эстафетаның негізгі тақырыбы – құрмет. Біздің орталық эстафетаны «Сенім» орталығына табыстады. 2026 жылғы 19 ақпанда кәсіподақ комитетінің төрайымы Есжанова Э.Д. және кәсіподақ комитетінің қазынашысы Хожабаева Н.М. «Келісу комиссиясына арналған Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, еңбек дауларын шешу, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында консенсусқа қол жеткізу» тақырыбындағы оқытуға қатысты.
2026 жылғы 20 ақпанда ерте жастағы балалардың сөйлеу нұсқауларын қабылдау ерекшеліктері мәселелері бойынша мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және ата-аналармен коммуникацияны құрылымдау дағдыларын қалыптастыруға арналған тренинг өткізілді. Ерте жастағы балалардың отбасыларымен жұмыс тәжірибесінде ата-аналардың баланың мінез-құлық реакцияларын дұрыс түсіндірмеуі және сөйлеу нұсқауларының шамадан тыс берілуіне байланысты қиындықтар кездеседі. Ата-аналардың сөйлеуінің жеткілікті деңгейде құрылымдалмауы өзара іс-қимыл тиімділігінің төмендеуіне және отбасындағы эмоциялық шиеленістің артуына әкелуі мүмкін екендігі атап өтілді.

2026 жылғы 27 ақпанда орталық қызметкерлері «Алғыс айту күніне» арналған флешмобқа белсенді қатысты. Интернет-ресурстарға орналастыру үшін бейне және фотоматериалдар дайындалды. Сондай-ақ наурызда қызмет алушылар мен олардың ата-аналары «Алғыс айту күніне» орай Мемлекеттік қуыршақ театрында ұйымдастырылған қайырымдылық спектакльді тамашалады. Балалар қойылымды үлкен қызығушылықпен тамашалап, сүйікті кейіпкерлерімен кездесуге қуанып, мерекелік атмосфераға бөленді. Мемлекеттік қуыршақ театрына бару балалар мен олардың ата-аналары үшін қуанышты әрі есте қаларлық оқиға болды.
— Нұрзия Ағабекқызы, атқарып жатқан қат-қабат шаруаларыңызға тек қана сәттілік тілейміз. Жұмыстарыңыз жемісті болып, халықтың алғысына бөлене беріңіздер! Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Шаргүл Қасымханқызы

