Түркістанда «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы қорытындыланды

Түркістан қаласында «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауының қорытынды кезеңі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған волонтерлік бастамаларды қолдау және дамыту, сондай-ақ қайырымдылық, патриотизм, экологиялық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу арқылы белсенді әрі жанашыр жастардың қатарын қалыптастыру.

Байқаудың екінші кезеңіне облыстың аудан-қалаларынан 22 команда қатысты. Қатысушылар Hackathon форматында әзірлеген әлеуметтік жобаларын пысықтап, сарапшылардың ұсынымдары негізінде жетілдіру жұмыстарын жүргізді. Командалар өз жобаларының мақсат-міндеттерін нақтылап, іске асыру тетіктерін, әлеуметтік әсері мен тұрақтылығын жан-жақты талдады.

Әділқазылар алқасының құрамында «Әділет» партиясы жанындағы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мадиярұлы Еркебұлан, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс және Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Дінислам Бимаханбетов болды. Сарапшылар қатысушылардың жобаларын әлеуметтік маңыздылығы, жаңашылдығы, іске асыру мүмкіндігі және тұрақтылығы бойынша бағалады. Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. І орынды Созақ ауданының «Union Tur» командасы, ІІ орынды Төлеби ауданының «Tolebi Daryn»командасы, ІІІ орынды Түркістан қаласының «Мұра сақшылары» командасы иеленді. Жеңімпаз командалар арнайы алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

«Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, волонтерлік мәдениетті дамытуға және өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тың бастамаларды қолдауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.