Түркістан төріндегі ұлттық мұра
Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығының көрме залында Түркістан облысы мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Түркістан төрінде ұлттық мұра» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрменің мақсаты Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, музей қорында сақталған құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыруға, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған.
Көрменің салтанатты ашылуына Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шынарбайұлы сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, қала тұрғындары, жастар, туристер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Экспозицияда археологиялық жәдігерлер, Қазақ хандығы кезеңінің мұралары, этнографиялық бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар, киіз үй мәдениетінің үлгілері, кесте өнері және Кенесары ханның қылышы көпшілік назарына ұсынылды. Жоба аясында алдағы уақытта музейдің өңірдегі 8 филиалы екі апталық көшпелі көрмелер ұйымдастырып, қордағы тарихи-мәдени құндылықтарды тұрғындар мен қонақтарға таныстырылмақ.


