Түркістан тарихын фотосуретпен жазып жүр
Қарапайым тірлішікте адам көп нәрсені байқай бермейді. Жаттап алдым деп ойлаған сәттердің өзі уақыт өте келе естен шығып жатады. Өйткені жаңа өмір, басқа бағыт. Құндылықтар алмасып, қызығушылықтар да өзгереді емес пе? Уақыт тоқтаусыз жүретін ғажайып керуен екенін білсек те қадіріне жетпей жатамыз. Оның ырғағын іркіп, кідірту ешкімнің қолынан келмеген. Десек те сол керуеннің соңынан еріп, тарихтың әрбір сәтін мәңгілік естелікке айналдыратын сиқырлы өнер бар. Oл – фотоөнер. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы өнердің иесі, отыз жылдан астам уақыт бойы фотоаппаратты жанына серік етіп жүрген Нақып Шынтеміровті қала тұрғындары жақсы білмесе де, суреттерін таниды десек артық айтпаған болар едік. Ол киелі Түркістанның әрбір тасы мен әрбір сәтін жүрек сүзгісінен өткізіп келе жатқан нағыз шебер. Бүгінде мерейлі алпыс жастың белесіне шықса да кәсібіне адал. Оның өмір жолы – тек кәсіби біліктіліктің емес, шынайы отаншылдық пен биік парасаттылықтың жарқын көрінісі.
Белгілі журналист Асхат Сәдібеков өзінің аға-досы Нақып Шынтеміров туралы айтқанда, ұстазы, профессор Сейдулла Садықовтың «алдымен адам бол, сосын барып маман бол» деген пәлсапалық терең сөзін тілге тиек етеді. «Нақып Шеріұлы ең алдымен дәл осы адами биіктіктен көркем мінезімен көріне білген, айналасына үнемі шуақ шашатын тұлға деп танимын. Оның мұндай асыл болмысы анасы Әнипа әжемізден дарыған өнегелі тәрбиеден бастау алады. Шаңырағында берік мектеп қалыптастырған кейіпкеріміз балаларын кішкентайынан өнер мен білімге баулыды. Соның нәтижесінде бүгінде ұлдары Мұхан мен Серікболсын елімізге танымал фото-видео өнерінің шеберлері болып қалыптасса, кіші қызы Назипа журналистика саласында еңбек етіп жүр. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен өнегелі отбасының нақты үлгісі» деп әріптес-шәкірттері баға береді.
Талант иесінің қолында фотоаппарат жай ғана техникалық құрал емес, жүрек пен жанның тілін сөйлететін ерекше құрылғыға айналады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тыныс-тіршілігін, өткізілетін ауқымды форумдар мен конференцияларды таспалап келе жатқан оның еңбегі – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Түркістанның таңғы шапақпен боялған аспаны, кешкі күннің алтын нұрына малынған көне кесенелері, табиғаттың тылсым сәттері оның объективі арқылы эстетикалық мән мен ерекше жылулыққа ие болады. Нағыз патриот ретінде ол туған жердің әрбір көрінісін сезінеді. Бір ғана сапалы кадр үшін түн ұйқысын төрт бөліп, сағаттап қар жастанып жатуға бейілділігі – оның өнерге де, елге деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі. Ол түсірген суреттерді тамашалаған әрбір адам сол өтпелі сәттің ішінде жүргендей әсер алады.
Кейіпкеріміздің болмысын тек фотографиямен шектеу мүмкін емес. Ол табиғатпен етене жақын, топырақ тілін ұққан, бірнеше кәсіпті қатар меңгерген шынайы еңбек адамы. Өзінің әлеуметтік желі парақшаларында бұл туралы жиі бөліседі. Жаңа қонысқа көшкенде пайда болған ерекше құлшыныспен асыл тұқымды заанин ешкілерін өсіруді қолға алып, оның денсаулыққа пайдалы сүті мен айранын отбасының, жақындарының игілігіне айналдырды. Мұнымен қоса, ізденімпаз жан органикалық қалдықтарды қайта өңдеп, калифорниялық шылаушындар арқылы топырақтың құнарлылығын екі-үш есе арттыратын биогумус өндіруді жолға қойды. «Топыраққа дән сеуіп, оны баптап өсіру – фото өнерімен үндес дүние, екеуінде де төзім мен жан жылуы бар» дейтін Нақып Шынтемірдің бұл еңбегі қарапайымдылық пен креативтіліктің көрінісі болып саналады.
Нақып Шынтемірдің өмір жолы мен адами қасиеттері – қоғамда сенім мен жауапкершілік құндылықтарын бекітетін, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулитын таптырмас мектеп. Өз ісіне адал, ел мен жердің дидарын таспаға түсіріп жүрген патриот азаматтың еңбегі – халық бірлігі мен мемлекет тұтастығының берік ұйытқысы.

