Түркістанда асық атуды дәріптеп жүрген жаттықтырушы

Қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен спорттық дәстүрінің ажырамас бөлігі ұлттық ойындар екені белгілі. Бүгінгі таңда киелі Түркістан шаһары асық ату спортының еліміздегі әрі халықаралық деңгейдегі басты орталықтарының біріне айналып үлгерді. Мұнда бабалар аманатын дәріптеп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін ауқымды жобалар сәтті іске асырылып жатыр. Ұлттық спортқа жан бітірген патриоттық бастама жайлы бірі білсе, бірі білмейді. Түркістан өңірінде асық ату спортын жаңа деңгейге көтеріп, оны бұқаралық сипатқа жеткізу жолында Түркістан облыстық асық ату федерациясы орасан еңбек атқаруда. Ұйым жетекшісі, белгілі патриот азамат Нұрбек Рысбековтың ұйымдастырушылық қабілеті мен ерен еңбегінің арқасында аймақтағы жүздеген жасөспірім бұл спорт түріне тұрақты қатысып, өз шеберліктерін шыңдап келеді. Оның әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен жеке үлгісі де жастар арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыра түсті. Бұған дейін қазақ күресіне жасөспірімдерді жаттықтырған ол бүгінде осы салаға ден қойған.

Түркістан қаласында соңғы кездері жүйелі турнирлер өткізіліп жүр. Бұл дегеніміз қоғамда сенім мен жауаптылық құндылықтарын бекітіп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елге деген махаббатты ұялатуды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, асық ату ойыны жастарды ұйымшылдыққа, төзімділікке, мергендік пен ептілікке тәрбиелейді. Спорт арқылы жастардың бойында тек физикалық күш қана емес, сонымен қатар ішкі тәртіп пен мемлекетшілдік сана қалыптасады. «Әрдайым асықтарыңыз алшысынан түссін! Бұл керемет де киелі сөзге арқау болған асық біздің бай тарихымызға өлшеусіз үлес қосқан. Асық – спорттың атасы. Ол – баланың бойын тіктеп, ойын жинақтайтын, көзін қырағы қылып, дәлдікпен ептілікке жол ашатын бірегей құрал. Сондай-ақ балақайдың бірінші дебаты мен бизнесі, нақты шешім қабылдап, өз деңгейін бағамдауға үйрететін негізгі мектеп. Барлық моторика мен сөздік қор да осында молынан жасырылған», дейді Нұрбек Рысбеков.

Бүгінде Түркістанның орталық заманауи мектептерінде ұлттық ойындар үйірме ретінде дамып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалған. Федерацияның жұмысы тек спорттық көрсеткіштермен ғана шектелмей, балалар мен жасөспірімдерді отаншылдыққа тәрбиелейтін пәрменді құралға айналды. Соңғы жылдары өңірде халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі оқиғалар бірінен соң бірі өтіп, ел назарын аудартты. Соның ішінде халықаралық бәсекелерді айтуға болады. Өткен жылдың соңында Түркістанда тұңғыш рет асық атудан Азия чемпионаты жалауын желбіретсе, биылғы наурыз айында Әлем кубогі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Рекордық көрсеткіш те орнатып үлгерді. Наурыз мейрамында «Түркістан Арена» стадионында 1000-нан астам бала бір мезетте асық атып, Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабына енді. Ал сәуір айында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде жасөспірімдер арасында ел чемпионаты, ал маусым айында VIII Халық ойындары аясында ересектер арасындағы командалық біріншілік өтті. Осыдан қарап-ақ Түркістан өңірінде асық атудан әлем чемпиондары мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындайтын мықты бапкерлер мектебі қалыптасқанын байқауға болады. Алдағы уақытта Түркістан халықаралық асық ату спортының орталығына айналса нұр үстіне нұр болмақ.

Қазіргі қоғамда ұлттық спорт түрлерін қолдау және оны бұқаралық сипатқа көшіру бағытында түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ұлттық бірегейлік пен ел болашағының кепілі болмақ. Нұрбек Рысбеков сияқты өз ісіне адал, жанашыр азаматтардың еңбегі қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты, әділдік пен ынтымақты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Ол қаладағы бірнеше орында, тіпті ашық алаңдарда жаттығулар мен жарыстар өткізіп жүр. Тіпті жаңа тұрғын үйлердің жертөлелерінде де. Иә, жаттығу алаңдарынан бөлек балаларға ыңғайлы жерлерді таңдайды. Айта кету керек, өзінің төрт жасар ұлын да ұлттық спорт түрлеріне баулып жүр. Мұндай ізгі бастамалар келешек ұрпақтың өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген мақтаныш сезімін оятып, ұлттық бірегейлігіміз бен мемлекеттігімізді сақтауға қызмет етеді. Сонымен бірге ұлттық ойындарды заманауи трендтермен ұштастыра насихаттау жастардың зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын таңдауына септігін тигізері сөзсіз.