ҚАНАЛИН ХАМИ ҮЛЕСБАЙҰЛЫ (1914 – 1996 ж.ж.)
Өмір… сан қилы мүлдем бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар. Ауыр да жеңіл тағдырлар. Өмір бойы намысты ту еткен, ел деп еңіреп, жер деп жүрегі кеудесіне сыймай өткен ерлердің бірі — Қаналин Хами.
Қаналин Хами Үлесбайұлы 1914 жылы Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Қайрақты селосында дүниеге келген. Қарлау ауылында еңбек жолын бастаған. Қарапайым шаруа Үлесбай ақсақалдың отбасынан Ұлы Отан соғысы басталғанда ұлдары: Махмұт, Хами, Наби майданға аттанған. Ауылдағы бейбіт өмір күрт өзгерген.
1941 жылдың 2 желтоқсанында 27 жасында Қаналин Хами Кеңестік Қызыл әскер қатарына алынады. Ресейдің Бузулук қаласындағы зенит артиллериясының дайындық курсынан өткен соң, III-ші Украин майданының 86-шы дара зениттік батареясының, 586-шы артилериялық полк құрамында қатардағы жауынгер болған. 1944 жылы коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.
Бірде, түнгі күзетте тұрып әуедегі жау ұшағын атып түсірген. Деректер бойынша ұшақта 20 астам жау офицері болған. Алғашында ол ұшақты Советтік ұшақ деп ойлаған әскери басшылар Хамиді қамауға алады. Ұшақ фашистік болғаны анықталған соң ғана Хами тұтқыннан босатылып ақталады. Жауынгердің бұл тосын ерлігін бөлімше командирі жоғары бағалап, «Қызыл жұлдыз» орденімен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Жауынгерлердің майдандағы ерліктері мен жетістіктерін баспасөз беттеріне жариялап жүрген әскери журналистер Хамидің ерлігін дәріптеп, суретке түсіріп, «Герой Актюбинец» деген майдандағы әскери газетіне жария етеді. Батырлықтың ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгер бөлімше командирі бұйрығымен 10 күн демалыс алып елге аттанады. Командир демалыстан келген соң, омырауыңа «Батыр» төсбелгісімен марапаттаймын деп уәде еткен. Ауыл ақсақалы Зенгин Сакеннің айтуынша бала кезінде жерлестері «Красная Звезда» газетіндегі «Герой Актюбинец» деп басылған мақаласын көпшіліктің алдында оқығанның куәсі болған. Ерлік даңқын шығарған жерлесін мақтаныш етіп, ауыл азаматтары Каналин Хамидің отбасына колхоз атынан сыйлыққа бір сиыр табыстайды. Бұл шамамен 1942-1943 жылдар аралығы соғыс өрті асқынып тұрған шақ болатын. Демалыстан майданға оралған Хами өзінің әскери бөлімшесінің түгелдей фашистердің соққысынан талқандалып, әскери құрамынан 7-8 адам аман қалғанының куәсі болады. Тірі қалған майдандастарымен бірге Хамиді басқа әскери құрамына аударған. Ерлік істердің атағына сай батыр атағын алып беруі белгілі себептермен еленбей кейінге қалған. Майдангер оққа ұшқан қаруластарын көріп, өзі аман қалғанына шүкіршілік етіп, батыр атағын іздей қоймайды. Майдан жолдарында Молдавия, Австрия, Чехословакия, Болгария елдерін жаудан азат етеді. Кезекті кескілескен шайқаста борап тұрған оқтан, ішінен ауыр жараланған Хами ессіз қалады. Қаруластарының қаза тапқан жауынгерлерді жерлеу сәтінде ғана есін жинап, ыңырсып, тірі екенін сездірген. Сөйтіп, шұғыл түрде госпитальға түскен майдангер аман қалады. Кейін, ауыр жарақаттан ес жия алмай қалған сәтте үлкен ағасы Ділмағанбет ахун «Хами тұр!» — деп аян бергенін еске алып отыратын. 1945 жылдың 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесін Болгария елінде қарсы алған.
«Ерлігі үшін» (медаль «За отвагу»№ 205361); «Қызыл жұлдыз» (орден «Красной Звезды» №211185); «Варшаваны азат еткені үшін» (медаль «За освобождение Варшавы»), «Әскери еңбегі үшін» (20.08.1943ж №48 подполковник Гладковтың бұйрығымен «За боевые заслуги» медалін алғаны 2013 жылы ділелденді) ордендері мен төсбелгілердің иегері. Осындай майдандағы қиындықтардан аман қалған Хами Қаналин туған жеріне 1945 жылы оралады. Елге бейбіт өмір келген кезде мемлекет тарапына жарақат алған майдангерге II топтағы соғыс мүгедектік жәрдемақы тағайындалу тиісті болатын. Алайда ол ескерілмеген. Көзге көрінер мүгедектігін байқамай жергілікті атқамінерлердің: — аяқ-қолың балғадай, қай жеріңде мүгедектік?! — деген мысқыл кекесінді сөздерімен әжуалап, соғыс мүгедегі атамыздың бұл күйін күлкіге айналдырған. Сол сөзден ренжіген майдангер комиссия алдына бармай-ақ, еңбек майданында жүре берген. Майданнан Наби інісі аман есен оралғанымен, ағасы Махмұт соғыста із-түссіз кеткен.
Ардақты жұбайы Алтынмен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Алтын 1928 жылы 8 наурызда Қарлау ауылында дүниеге келген, немере ағасының отбасында жетім өсіп тәрбиеленген, соғыс кезінде тылда колхозда еңбек еткен. 1946 жылы Алтын 18 жасында Хами мен отау құрған. Сол жылы Хами туған ауылы Қайрақтыдағы «Алтын ақпан» заводында, ауыл шаруашылық саласында ұзақ жылдар бойы автокөлік жүргізуші болды. Туған ауылында үй салып, ел қатарлы түтін түтетіп, алтын құрсақты ардақты әжемізбен 10 бала тәрбиелеп өсірді. Амангелді (қайтыс болған), Мария, Марзия, Мадина, Алдаберлі, Мәкила, Алия, Алгелді, Досым, Кенжегүл есімді балаларын оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халқым, осы азаматтардың бәрі де қоғамда өз орнын тауып, қазірде еңбектенуде. Хами атамен батыр ана Алтының қажырлы да, қайратты адал еңбегі елеусіз қалмады. Хамиді Отанымыз «Еңбек» орденімен, ал Алтын әжені мемлекеттік төсбелгілерімен марапаттаған.
Қаналин Хами Отан соғысының II дәрежелі орденің (Орден Отечественной войны II степени) (№ 85, 06.04.1985г) және Қызыл Ту Еңбек орденінің (Орден Трудового Красного знамени) иегері.
Ұлы Отан соғысы ардагері және бейбіт өмірдің майталман еңбеккері — Хами атамыз 1996 жылы 82 жасында өмірден озды. Алтын әже 1998 жылы 15 қыркүйекте 70 жасында дүниеден өткен.
Жауынгердің жоғалған марапат құжаттарының көшірмесін анықтап іздестіру жұмыстары 2009 жылы бастап,
бұл жұмысқа 2025 жылы Алия Сагимбаева бастаған ОО «Атамның аманаты» еріктілері және Мәскеу қаласынан
Д.Балашов есімді тарихшы кірісіп архив анықтамаларын алып беруге көп көмек көрсетті.
Зерттеу іздестіру барысында Қаналин Қами туралы бірнеше естелік мақалалар жарық көрді:
1) ізденістің нәтижесінде Ресей Федерациясының Подольск қаласындағы ҚМ орталық мұрағатынан және Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық мұражайдан сұраныстарға жауап хаттар алынды.
а) Письмо запрос на Х.Каналина от 25.10.2010г Военно-медицинский музей МО РФ Архив Военно-медицинских документов С-Петербург Д-180, Лазаретный пер. 2
б) Письмо запрос о наградах ЦАМО РФ от 14.04.2011г г.Подольск Московская обл. ул.Кирова 74 Ответ В.Ковалькова
2) «Білезік» журналының №4 санында «Награда-десять детей» мақаласы 8-9 беттер және №11-ші 30.11.2013ж «Для памяти нет расстояний» мақаласында 16-17 беттерінде жарияланды. Осы журналдың бас редакторы Турниязова Алия іздестіру жұмыстарына атсалысты.
3) №39 «Актюбинский вестник» газетінде «Судьба солдата» мақаласы 04.04.2015ж жарияланды,
4) Ізденістің нәтижесі 20.08.1943ж майданнан жеткен №48 бұйрықта Х.Қаналинге «За боевые заслуги» медалінің бергені дәлелденеді.
5) Ерлік сабағында «Дорога к Родине» тақырыбында қалалық байқауда «Үздік панорамалық сабақ-2019» 3-орынға ие болды,
6) 2019ж Республикалық «Зерде» ізденіс жұмыстары байқауының қалалық кезеңінде «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясын жеңіп алынды.
7) «Менің атам майдангер -2» «Қаналин Хами» М.Тасқалиев, М.Қарабалин Ақтөбе 2022 жыл 130 б
8) №36 «Актюбинский вестник» газетінде «Рожденный дважды» мақаласы 05.05.2023ж жарияланды, 11бет
9) №36 «Ақтөбе» газетінде «Майдангер» мақаласы 07.05.2024 ж жарияланды, 20 бет
10) «Құлтас руының шежіресі» Ақтөбе 2024 жыл «Қаналин Хами Үлесбайұлы (1914-1996жыл)» 76-77 беттер
11) №37 «Актюбинский вестник» газетінде «Обещали звезду героя» мақаласы 09.05.2025ж жарияланды, 10 бет
12) Письмо запрос архивной справки на Х.Каналина ЦАМО РФ от 11.02.2025г №11 П-26349, г.Подольск Московская обл. ул.К.Цеткин д.9, к.2, кв 155 Ответ Т.Киселевой
Письмо запрос архивной справки на Х.Каналина ЦАМО РФ от 12.02.2025г №4 П-26349, г.Подольск Московская обл. ул.К.Цеткин д.9, к.2, кв 155 Ответ С.Часовских
13) 27.03.2025ж Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Т.Шаңғұтовқа соғыс ардагері Х.Қаналиннің есімін ұлықтау мақсатында ҰОС 80 жылдығына орай Бөгетсай ауылында немесе Хромтау қаласынан көше атын беруді қолдау көрсетуге өтініш берілді
Хромтау қаласымен Бөгетсай ауылында Хами Қаналиннің есімімен көше атауын беруді өтініп сұрадым.
Қорытындысы, 1942-1943жж Х.Қаналинге ҰОС ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағының берілуі туралы Кеңес әскерінің майдандағы «Герой актюбинец» мақаласы газеті іздестіруде.
ҚР Президенті Қ.К.Токаевтың қаулысына сәйкес ҰОС 80 жылдығына орай жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешімге сәйкес, Республикалық ономастикалық комиссияның және жергілікті атқарушы органдармен мақұлданып «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жұмысы аясында, Х.Қаналинге Хромтау қаласындағы 22 кварталдан көше аты берілетін болды.
Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,
педагог — зерттеуші Сырым Байдрахманов


