Түркістан спортшылары халықаралық аренада Көк байрақты желбіретті
Халықаралық бәсекелерде Түркістан өңірінің дарынды спортшылары айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, өңірдегі кәсіби мектептің әлеуетін тағы бір мәрте әлемге паш етті. Өзбекстан мен Чехия елдерінде ұйымдастырылған сындарлы додаларда жерлестеріміз жүлделі орындардан көрініп, отандық спорттың мерейін асқақтатты.
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 18-22 шілде аралығында үстел теннисінен «WTT Youth Contender Tashkent 2026 II» халықаралық рейтингілік турнирі жалауын желбіретті. Әлемнің 20-дан астам елінен жиналған жас таланттар бақ сынаған бұл беделді бәсекеде U11 жас санаты бойынша 33 қатысушы өзара мықтыны анықтады. Ел намысын қорғаған түркістандық жеткіншек Болатбек Назерке жарыс жолында жоғары дайындығы мен қажырлы мінезін көрсетіп, барлық кезеңді сәтті аяқтады. Тартысты өткен сындардан сүрінбей өтіп, бас жүлде сарапқа салынатын финалдық кезеңге жолдама алған жерлесіміз шешуші кездесуде Катар елінің өкіліне есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Айта кетейік, бұл жас дарынның халықаралық деңгейдегі алғашқы табысы емес. Болатбек Назерке бұған дейін, 2025 жылы Доха қаласында өткен халықаралық турнирде бас жүлдені жұлып алып, чемпион атанған болса, биыл сол доданың U13 санатында қола медальді қоржынға салған болатын.
Осы тұста Чехияның Пардубице қаласында 16-21 шілде аралығында ересектер арасында тоғызқұмалақтан Әлем кубогі өтіп, зияткерлік спорт жанкүйерлерін қуантты. Әлемнің ең үздік ойыншылары бас қосқан халықаралық додада Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен түркістандық спортшы Лес Зауытбек өзінің ерекше тактикасы мен ойын өрнегін паш етті. Тақта үстіндегі тартысты кездесулердің нәтижесінде жерлесіміз қос бірдей жүлдені иеленді. Жарыстың рапид бағдарламасында қарсыластарынан басым түсіп, екінші орын мен күміс медальді иеленсе, ұшқыр ойлауды талап ететін блиц сайысында үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге қол жеткізді. Ересектер арасындағы сында ширыққан Лес Зауытбек бұған дейін, 2023 жылы оқушылар арасында өткен әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, Әлем чемпионы атанған болатын. Оның ересектер арасындағы Әлем кубогіндегі бұл жаңа белесі – Түркістан тоғызқұмалақ мектебінің сабақтастығы мен жоғары әлеуетін айқындайды.Түркістандық спортшылардың халықаралық додалардағы бұл жарқын жеңістері өңірдегі спорт мектептері мен жаттықтырушылар құрамының жүйелі еңбегін айқын көрсетеді. Халықаралық аренада көтерілген Көк байрағымыз бен қол жеткізген осынау табыстар аймақ спортының дамуына тың серпін беріп, өскелең ұрпақтың үлкен спортқа деген ынтасын арттыра түсері сөзсіз.


