Туған жердің иісін сездірген кітап талқылауы

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Kitap & Relax бөлімінде «Сезіммен оқылатын әлем» жобасы аясында «Киікоты – туған жердің иісі» атты танымдық кітап талқылауы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында көрнекті жазушы Мархабат Байғұттың «Киікоты» кітабының мазмұны, көркемдік ерекшелігі мен тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды. Қатысушылар киікотының жұпар иісі арқылы туған жердің табиғатын, кең даланы, ауыл өмірін, балалық шақтың жарқын естеліктерін еске алып, кітаптан алған әсерлерін айтты. Ерекше форматта өткен кездесуге зағип және көзі нашар көретін жандар да қатысып, шығарманы есту, сипап сезу және иіс сезу арқылы қабылдады. Мұндай тәсіл әдеби шығарманың мазмұнын тереңірек сезінуге мүмкіндік беріп, туған жер мен табиғат тақырыбы төңірегінде мазмұнды пікір алмасуға жол ашты. Қазақ әдебиетінің қоңыр үні атанған Мархабат Байғұттың рухани мұрасы мол. «Фараб» кітапханасында Мархабат Байғұт атындағы зал жұмыс істейді. Қаламгердің әдеби мұрасын насихаттау және кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында ашылған бұл зал жазушы рухына көрсетілген асқан құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қазақ әдебиеті мен руханиятын қадірлейтін оқырман қауым үшін тағылым мен таным ордасына, өнегелі кездесулер өтетін ерекше рухани кеңістікке айналды.

Қазақ руханиятының кең өрісінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті қаламгер, журналист, аудармашы Мархабат Байғұт әдебиет пен адамгершіліктің, ұлт рухы мен парасаттың биік символы деуге болады. Оның шығармалары қазақы болмыстың, ауыл иісінің және адам жанының нәзік иірімдерінің көркем шежіресі іспетті. Жазушы әдебиетке даңғаза емес, тереңдік алып келді. Оның әрбір әңгімесінде өмірдің өз үні, уақыттың өз тынысы бар. Сондықтан да Мархабат Байғұт шығармашылығы уақыт өткен сайын құнын жоғалтпайтын, қайта тереңдей түсетін сарқылмас рухани мұра. Кейіпкерлерінің жан дүниесін жүрекпен жазған суреткердің туындыларын оқығанда туған жер топырағының табы, қазақы мінездің жылуы мен қарапайым адамның мөлдір болмысы анық сезіледі. Оқырман жүрегінен ерекше орын алған танымал туындыларын атап өтсек, «Шілде» және «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек» және «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар». Қаламгердің шығармалары бірнеше шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтті. Сонымен қатар әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне тәржімалау арқылы мәдени-рухани көпір орнатты.