Түркістанда тарихи-мәдени мұра нысандары иелеріне заң талаптары түсіндірілді
Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» мекемесі қала аумағындағы алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра нысандарының меншік иелері мен пайдаланушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптары түсіндіріліп, ресми хабарламалар таратылды. Онда тарихи-мәдени мұра нысандарының сәулеттік келбетін сақтау, жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын заңнамаға сәйкес жүргізу, сондай-ақ мұндай жұмыстарды бастар алдында уәкілетті мекемені алдын ала хабардар ету қажеттігі ескертілді.
Түркістан тарихы тым тереңнен басталатын, ғасырлар бойы құнды жәдігерлері мен көне сәулет өнерін сақтап келген қасиетті мекен екені белгілі. Қала аумағында мемлекет қорғауына алынған және алдын ала тізімге енген тарихи-мәдени нысандардың көптігі сонша, бұл өңір еліміздің басты рухани орталығы саналып отыр. Осындай бай мұраның арқасында шаһардың туристік әлеуеті де өте мықты және ол жыл сайын мыңдаған шетелдік пен отандық саяхатшыларды өзіне баурап келеді. Осы орасан зор мәдени капиталды болашақ ұрпаққа бұзбай жеткізу де алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі дейді мекеме қызметркерлері. «Адал азамат – заңды құрметтеп, тәртіпті сақтайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тұлға. Қоғамның дамуы әр адамның әділдігі мен адалдығынан басталады. Заңды сақтау – тек міндет емес, елге деген құрметтің белгісі. Әрбір саналы азамат құқықты құрметтеп, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосуы тиіс. Осындай табысты жұмыстар арқылы адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын насихаттай отырып, жерлестерді заң мен тәртіпті сақтауға шақырамыз» деп атап өтті. Адал азамат әділетті қоғамның тірегі екені анық. Аталған жұмыстар тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, қорғау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.

