Қарағанды облысында мектеп медицинасына 1,6 млрд  теңгеден астам қаражат бөлінеді

2022 жылы Қарағанды облысының емханаларына мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек ұйымдастыруға 1 млрд 601 млн теңге бөлу жоспарланған. Оқу және тәрбие мекемелеріне бекітілген емханалар балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, олардың арасында сырқаттанушылықты азайту жөніндегі іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді, профилактикалық егулер мен тексерулер кестесін жасайды, уақтылы диспансерлеуге бақылау жүргізеді.

Пришахтинскідегі Гиппократ емханасына 8 мектеп кіреді. Олардың әрқайсысында медпункт жабдықталған және медбике жұмыс істейді, ол жыл бойы профилактикалық егулерді, қауіп тобындағы балаларға туберкулин диагностикасын жоспарлайды және жүргізеді, мектеп оқушыларына тереңдетілген медициналық тексеруді ұйымдастырады. Сондай-ақ, медбикенің міндетіне педагогикалық ұжымға, мектеп қызметкерлеріне және ас блогының қызметкерлеріне жұмысқа рұқсат алу үшін санитарлық кітапшаларды бақылау кіреді.

– Мектептердегі барлық медицина қызметкерлері маман сертификатына ие, «Білім беру объектілерінің мейірбикесінің шұғыл көмек курсымен жұмысы» мамандығы бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті, сондай-ақ жыл сайын профилактикалық егулерді жүргізуге және манту реакциясының сынамасын қоюға рұқсат берумен аттестаттау өткізіледі, – дейді емхана басшысы Индира Мадиярова.

Оқу жылының басынан бастап «Гиппократ» емханасының мамандары бір жарым мыңға жуық мектеп оқушыларын тексерді, 88 бала невропатологтың толық тексеруіне жіберілді, 242 бала эндокринологтың ұсынымы бойынша тексеруден өтуі тиіс.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша

 

                                                                                              Жомарт Шаймұрат