«Отбасы life» отбасылық сайысы өз мәресіне жетті
Түркістанда жас отбасылар арасында «Отбасы LIFE» атты мерекелік-танымдық сайыс ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Іс-шараның басты мақсаты жас отбасыларды қолдау, отбасы институтының қоғамдағы рөлін арттыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеу, сондай-ақ жас отбасылар арасындағы татулықты, ұйымшылдықты және өзара сыйластықты нығайту болып саналады. Алдымен көрермен назарына ұлттық нақыштағы мәдени бағдарлама ұсынылды. «Айдай» би ансамблінің әсерлі қойылымы мен жас өнерпаз Данагүл Ынтықбайдың орындауындағы «Әкем, Анам» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сайысқа Түркістанның әр өңірінен келген 14 жас отбасы қатысып, бес кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды насихаттау, зияткерлік тапсырмалар, шығармашылық өнер көрсету және командалық ойындар арқылы өздерінің жан-жақтылығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Бірлік пен ынтымақты дәріптеді. Шара аясында көрермендерге ұлттық нақыштағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа қазылық еткен әділқазылар алқасының құрамында «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ардақ Уразымбетова, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мырзабай Тұрысбеков болды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. I орынды Қазығұрт ауданынан келген Туртаев Багдат пен Қарсыбаева Жадыра иеленді. Ал жүлделі II орын Түркістан қаласынан қатысқан Қорғанбаев Самат пен Қарсыбаева Жазираға және Бәйдібек ауданынан келген Тузубек Дархан мен Мадиомарова Назгулге бұйырды. Сонымен қатар Сауран ауданының қатысушылары Шайманов Дидар мен Жугинисова Арнур мен Сарыағаш ауданының жас отбасысы Шаріпбаев Дастан мен Әбен Гүлбаршын III орынды қанағат тұтты. Бұдан бөлек бірнеше номинация да қарастырылған. «Берекелі отбасы» номинациясы Сарыағаш ауданынан келген Әуезхан Мадиярхан мен Алимбеккызы Калжанға, «Ұйымшыл отбасы» номинациясы Келес ауданының қатысушылары Калибайев Азамат пен Маратқасым Әсемайға бұйырды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушы отбасыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың белсенділігі мен ұйымшылдығына жоғары баға берілді.
«Отбасы LIFE» сайысы – жас отбасылар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.


