Еңбек адамы – ел дамуының негізі: жаңа Конституция түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбек адамын құрметтеу – әділетті қоғам құрудың басты қағидаттарының бірі екенін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, елдің өркендеуіне адал еңбегімен үлес қосып жүрген кәсіби маман әрдайым қоғамның ең сыйлы тұлғасы болуы тиіс. Осы мақсатта Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен қала тазалығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген жеке кәсіпкер Ерлан Жаппаров жетекшілік ететін «Таза Like» жеке кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өтті.

Қырықтан астам қызметкері бар ұжымның күнделікті еңбегімен танысу барысында еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі мен адал еңбектің маңызы кеңінен айтылды. Кездесуге қатысқан «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақытжан Бейсембаев еңбек ұжымына ризашылығын білдіріп, еңбектеріне береке, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі. Сонымен қатар жиын барысында биылғы шілде айының басынан қолданысқа енгізілген жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары түсіндірілді. Қатысушыларға Ата Заңда айқындалған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жаңа нормалар, қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызы, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты жаңашылдықтар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ жаңа Конституцияның әділетті қоғам қалыптастырудағы және ел бірлігін нығайтудағы рөлі кеңінен түсіндірілді.