«Түркістан әуендері» ашық аспан астында шырқалды

Киелі шаһардағы «Жасанды көл» жағалауында ашық аспан астында ұйымдастырылған «Түркістан әуендері» мерекелік концерті тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосты. Концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар эстрадалық және халық әндерін орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Музыкалық кеш барысында көрермендер сүйікті туындыларын бірге шырқап, өнер иелерінің шығармашылығына зор ықылас білдірді. Жазғы мәдени кеш тұрғындардың мазмұнды демалысын ұйымдастыруға, ұлттық өнерді насихаттауға және қаладағы мәдени ортаның белсенділігін арттыруға бағытталды. Ашық алаңда өткен концерт жылы атмосфера қалыптастырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.

Жалпы бұған дейін де қала тұрғындары мен қонақтары үшін тұрақты түрде концерттер өткізіліп келеді. Қалалық мәдениет үйінің жанынан құралған «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблі де көптің көңілініен шығып үлгерді. Әсіресе көрерменнің ықыласына бөленген «Полладио», «Великолепный век» шығармаларын атауға болады. Сондай-ақ, «Яссы» би ансамблі «Түркістан», «Шабыт» билерімен орталықтың келбетіне мерекелік ажар сыйлайды. Түркістанның тереңнен тамыр алған тарихи белесі айтылып, «Гүлмекенім Түркістан», «Отаным Қазақ елі», «Асыл арман», «Қазақстан», «Алмалы сай» әндерін мәденет үйі әншілері орындап жүр. Түркістан тақырыбындағы әуезді әндер де, көрермендер арасында патриоттық пен сенім, бірлік пен ынтымақ, қала тарихы сынды сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып келеді. Түркістан қаласында тұрғындар мен туристердің мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған мұндай ашық аспан астындағы концерттер алдағы уақытта да жалғасады дейді ұйымдастырушылар.