Халықаралық тәжірибе және кәсіби ынтымақтастық көпірі
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани ынтымақтастық кездесуі аясында «Кітап – достықтың алтын көпірі» атты халықаралық кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Шараның ашылу рәсімінде түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын дәріптейтін әдеби композиция ұсынылды. Көркем композицияда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауи, өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаи және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының бағалы шығармаларынан үзінділер оқылып, ортақ тарихи-мәдени мұрамыз кеңінен насихатталды.
Халықаралық кітап көрмесіне қойылған басылымдарды Өзбекстан Республикасынан арнайы келген делегация мүшелері тарту етті. Көрмеге екі елдің тарихын, әдебиетін, мәдениеті мен танымын айшықтайтын мазмұнды басылымдар қойылды. Экспозицияны Жызақ облыстық Шараф Рашидов атындағы ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Хафиза Құдратова таныстырып, бұл еңбектердің халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы роліне тоқталды. Кітап – халықтар арасын жақындастыратын, бауырластық пен рухани сабақтастықты дамытатын баға жетпес құндылық болып қала береді.
Көрмеден соң «Заманауи кітапхана: халықаралық тәжірибе және кәсіби ынтымақтастық» атты семинарға ұласты. «Тұран – достық бастауы» жобасы аясында Қазақстан мен Өзбекстан кітапханашыларының қатысуымен өткен шара нағыз тәжірибе алмасу алаңы болды. Семинардың негізгі мақсаты – екі бауырлас елдің кітапханалары арасындағы кәсіби байланысты арттыру, заманауи кітапхана ісіндегі озық тәжірибелермен бөлісу, цифрландыру үдерістерін жүзеге асыру және оқырмандарға сапалы қызмет көрсетудің жаңа тәсілдерін талқылау болды. Іс-шараға екі елдің білікті мамандары қатысып, өз араларында тығыз ынтымақтастық орнатты.
Семинар барысында Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Хафиза Құдратова мен Өзбекстан Республикасының «Bilim» орталығының директоры Хафиза Каримова баяндама жасап, өз мекемелерінің атқарып жатқан инновациялық жобалары мен цифрлық ресурстарын таныстырды. Сонымен қатар қатысушылар назарына Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығының қызметін таныстыратын арнайы бейнеролик ұсынылып, кітапхананың материалдық-техникалық базасы, мәдени-ағартушылық жобалары мен инновациялық бастамалары таныстырылды. Қатысушыларға арнайы бейнероликтер көрсетіліп, кітапхана саласындағы заманауи үрдістер, цифрлық трансформация және кәсіби біліктілікті арттыру жолдары төңірегінде пікір алысты. Бұл кәсіби диалог екі елдің рухани-ағартушылық саладағы серіктестігін жаңа деңгейге көтеріп, ортақ құндылықтарды ұлықтауға үлкен жол ашты.

