«Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани ынтымақтастық кездесуі өтті
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай «Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани ынтымақтастық кездесуі өтті. Кездесуде Өзбекстан Республикасы Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Абдулла Менгқобылов сөз сөйлеп, түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын сақтап, әдеби-мәдени байланыстарды дамыту бағытындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.
Ғылыми-танымдық кездесуге Түркістан өңірінің ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері де белсене қатысты. Белгілі ғалымдар Хазіретәлі Тұрсын, Досай Кенжетай және Бекжігіт Сердәлі түркі халықтарының ортақ тарихы, рухани мұрасы мен мәдени ықпалдастығы жөнінде мазмұнды пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуаныш Оспан сөз сөйлеп, «Фараб» кітапханасын «Көне Отырар кітапханасының рухани мұрасын жалғастырушы, ежелгі кітапханалық дәстүрдің заңды жалғасы»-, деп бағалады. Жызақ облыстық Шараф Рашидов атындағы ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Құдратова Хафиза Гафуровна сөз алып, Жызақ өңірінің тарихы мен мәдениетін танытатын «Jizzah mojizalar olkasi» кітабын Түркістан облыстық Мәдениет басқармасы басшысының м.а. Бақытжан Садықовқа және ақын Қуаныш Оспанға тарту етті.
Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Жазушылар одақтарының мүшесі Нұрали Холбұтаев өзі жазған «Түркістаным – Тұраным» атты өлеңін оқып, киелі Түркістанға деген ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізін жеткізді. Сонымен қатар Түркістан облыстық этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Данияр Аюпов сөз сөйлеп, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарын ғасырлар бойы жалғап келе жатқан тарихи тамырластық пен рухани тұтастыққа тоқталды. Ол мұндай халықаралық кездесулердің бауырлас елдер арасындағы достық пен мәдени байланыстарды одан әрі нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу соңында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова арнайы келген мәртебелі қонақтар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен жобалардың жалғасын табуына тілектестік білдірді. Жалпы мұндай тағылымды кездесулер екі ел арасындағы достық, ынтымақ пен мәдени бірліктің жарқын үлгісіне айналмақ.

