Әлемдік көрме Астанада
Фото: Виктор Федюнин
Елорда төрінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана әкімдігінің қолодауымен Бейбітшілік және келісім сарайында Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ойшылы Леонардо да Винчинің өмірі мен инженерлік мұрасына арналған «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі ашылды. Экспозицияда ғалымның ғылыми ізденістері, өнертапқыштық идеялары және адамзат өркениетіне қалдырған бірегей мұрасы кеңінен таныстырылады.
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, көрме комиссары Ольга Риго, Римдегі Леонардо да Винчи музейі директоры Августо Биаджо және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстанда 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Жыл сайын музейлерге 6,5 миллионнан астам адам келеді.
Көрме үшін Астанаға Рим мен Флоренция музейлерінен Леонардо да Винчидің әйгілі «Винчи кодекстеріндегі» сызбалары негізінде қалпына келтірілген 40-тан астам толық өлшемді механизм жеткізілді. Инженерлік жобалардан бөлек, көрмеде Леонардо да Винчидің әйгілі туындыларының репродукциялары да қойылған. Олардың қатарында Мона Лиза мен Тайная вечеря секілді әлемге танымал шығармалар бар.
«Бүгінде Астана ірі мәдени және мультимедиялық жобалар өтетін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді. Бұл – даму, технология және алға ұмтылыспен ассоциацияланатын заманауи қала. Сондықтан дәл осы жерде өз заманынан бірнеше ғасыр озық тұрған Леонардо да Винчи туралы айту ерекше символдық мәнге ие. Көрме Астана тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени оқиға болатынына сенімдімін», – деді Көрме комиссары Ольга Риго.
Экспозиция заманауи мультимедиялық форматта безендірілген. Көрме аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді алып жатыр және табиғаттың төрт элементіне — Ауа, Су, Жер және От тақырыптарына бөлінген. LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар арқылы келушілер Қайта өрлеу дәуірінің атмосферасын сезіне алады.
Елқуат Елтөре



