Роза Бағланова атындағы байқауда бағы жанғандар

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақконцерт мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы сахнасында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқаудың Гала-концерті өтті.

Салтанатты кешті Роза Бағланованың репертуарындағы әйгілі «Ах Самара городок» халық әнімен «Astana Musical» театрының әртісі Зарина Макина ашты. Сонымен қатар концерт барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова және халықаралық байқаулардың лауреаты Асылхан Шалқаров сынды Қазақконцерт өнерпаздары өнер көрсетті.

Гала-концерт аясында байқау жеңімпаздары марапатталып, қазылар алқасының шешімімен І, ІІ және ІІІ дәрежелі лауреаттар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Байқауға қатысушыларға сертификаттарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Болатбек Букенов табыстады. Сонымен қатар Роза Бағланованың отбасы атынан арнайы сыйлықтар ұсынылды.

Байқаудың Бас жүлдесін Алматы облысынан келген Медет Орынбаев жеңіп алды. Оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дакенов 2 миллион теңге көлеміндегі сертификатты табыстады.

І орын Астана қаласының қатысушысы Меруерт Желдібаеваға бұйырды. Жеңімпазды қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Лаки Кесоглу марапаттап, оған 1,5 миллион теңге ақшалай сыйлық тапсырды. ІІ орынға астаналық Сәкен Алимханов ие болып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова марапаттады.

Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын Алматы қаласынан келген екі қатысушы -Эльвира Мамытова мен Аян Байжігітке берілді. Жүлдегерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев және Қырғызстанның халық әртісі Рыскелді Осмонкулов марапаттап, олардың әрқайсысына 350 мың теңгеден табыстады.

Сондай-ақ Роза Бағланованың отбасы атынан арнайы сыйлық ретінде 500 мың теңге және әншінің зергерлік бұйымдары негізінде жасалған ерекше сырғалар Түркиядан келген Aynaz Rahimzadehке, Беларусь Республикасының өкілі Инна Троянға және Өзбекстаннан келген Мухаддас Алиеваға табысталды. Ал Бас жүлде иегері Медет Орынбаевқа Роза Бағланованың отбасы арнайы мүсінше сыйлады.

Кеш барысында Қазақконцерт әртістері мен байқау жеңімпаздары көрермендерге өнерлерін ұсынып, Роза Бағланованың репертуарындағы танымал әндерді орындады. Салтанатты шара соңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің атынан қатысушыларға гүл шоқтары табысталды.

Айта кетейік, халықаралық вокалдық байқау Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, жас вокалистерді қолдауға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды мәдени жоба болып саналады.

 

Елқуат Елтөре