ӘКІМ АДАЛ БОЛМАСА, ЖҰРТ БҰЗЫЛАР
САУДА АДАЛ БОЛМАСА, НАРЫҚ БҰЗЫЛАР — адамдардың әлеуметтік жағдайы тұрақты, ішкі сенімі берік, әрекеті орнықты болуы, ең алдымен, қоғамдағы маңызды моральдық, имани қағидалардың тиянақты болуына, өзгермеуіне тәуелді екенін білдіретін тұжырымды талдайтын мақал бұл. Мақал – екі сөйлемнен құралып, күрделі ойды береді де, параллель синтаксистік қалып құрайды. Әкім мен сауданың, яки халық өміріндегі маңызды әлеуметтік институт басшылығы мен нарықтың адалдығы – қоғамның тұрақты болуының кепілі болатыны, тарихи дәстүрлі тәжірибенің негізінде шыңдалған тұжырым ретінде ұсынылады.
Мақалдың танымдық мәнін әлемнің тілдік бейнесі тұрғысынан ықшамдалған менталдық үлгі ретінде бағалауға болады. Екі әлеуметтік жүйе салыстырылып, басты ұғымдар айқындалады:
Билік жүйесі Экономикалық жүйе
Әкім Сауда
Жұрт Нарық
Адалдық Адалдық
Қоғамды ұстап тұратын басты ұғым – БИЛІК; қоғамның қарым-қатынасын экономикалық тұрғыдан реттеуші – САУДА. Билік пен саудада адами моралдық, ар ілімінің нормалар жиынтығы сақталуы тиіс. Ал ар ілімінің басты құндылығы саналатын адалдықтың бұзылмауы – қоғамның алға қарай дамуының басты шарты.
Мақал астарында мынадай тұжырым жатады:
ҚОҒАМ – ЖҮЙЕ
ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – АДАЛДЫҚҚА ТӘУЕЛДІ
Жұрттың бұзылуы, нарық бұзылуы тіркестері метафоралық мәнде қолданылған. «Бұзылу» сөзінің мақалдағы мағынасы – физикалық нысанның бүлінуі не қирауы емес, ол – моральдық тәртіптің яки адалдықтың болмауы салдарынан қоғамдық қарым-қатынастағы харекет жүйесінің бұзылуы. Жұрт пен нарықтың бұзылуының басты себебі – адал болмау. Халық дүниетанымы қалыптастырған дәстүрлі тәжірибе негізінде жасалған мақалдың басты мәні – «адалдықты» сақтауға келіп тіреледі. Адалдық – тұрақтылық негізі ретінде ұсынылады. Ал адалдықтың болмауы – жүйедегі, қоғамдағы дағдарысты туғызады. Бұл – себеп-салдарлық когнитивтік кесте.
Бұл жүйеге селкеу түссе, жұрт бұзылмақ. Халық даналығы әкімнің адалдығына ерекше мән берген екен.
Нарық фреймі: экономикалық әрекет
тұтынушы
адалдық-сенім = нарықтық тұрақтылық
Осылайша, «Әкім адал болмаса, жұрт бұзылар, сауда адал болмаса, нарық бұзылар» деген халық мақалы екі түрлі институттың бір заңдылыққа бағынатынын көрсетеді.
Байқап отырғанымыздай, мақал мынадай танымдық заңдылыққа негізделген:
әкім
сауда
жұрт
нарық
адал болу
адал болмау
қоғам дамиды
қоғам бұзылады
Осылайша, Қазақтың халық мақалында қоғам дамуындағы екі ірі институттың моралдық құндылықты сақтауының маңыздылығы айқындалады.
Мақалдың тұжырымы нақты. Адалдық сақталмаса, жұрт бұзылады. Жұрттың бұзылуы қоғам дамуына нұсқан келтірмек. Мақалдың прагматикалық мәні анық. Бұл үшін:
— басшылардың жауапкершілігі;
— қоғамдағы моральдық норманы сақтауы;
— экономикалық адалдықты насихаттау және сақтау.
Халық дүниетанымын негіз ете отырып, оны сөзбен таңбалайтын мақалда берілетін мәннің тәжірибеден туындайтын өзіндік алғышарттары болатыны анық. Басқаша айтқанда, әр мақал мәні белгілі бір әрекетке, оқиғаға негізделе отырып, тәжірибеде сан рет сыналып, уәжделеді. «Әкім адал болмаса, жұрт бұзылар, сауда адал болмаса, нарық бұзылар» мақалының уәждемелік негізі ретінде: әкімнің қоғамға әсер ететіні; сауданың нарыққа әсер ететіні, адалдық қоғамдағы қарым-қатынастың негізі болатыны, бұл басты құндылық бұзылса, қоғамның шырқы бұзылары салыстырыла ашық айтылады.
Ұлттық ділдің негізі саналатын мұндай мақалдар ұлттың рухани құндылығының басты ұғымдарын айқындайды.
Әкім адал болмаса, жемқорлық етек аларын тұспалдап жеткізген мақалдың имплицитті мағынасы да бар.
Мақалда тікелей «жемқорлық сөзі айтылмаса да, «жұрттың бұзылуы» соның салдары екенін жорамалдау қиын емес. Халық дүниетанымында «адалдық» жоқ жерде кез келген жүйе бұзылмақ. Қоғамдағы маңызды салалардың сапалық деңгейінің жоғарылығы мен моралдық құндылықтардың сақталуы — ең алдымен, жеке тұлғалардың иманына, адамгершілігіне тікелей тәуелді. Қоғамдағы немесе саясаттағы, экономикадағы кез келген дағдарыс жеке тұлғалардың этикалық және моралдық кемшілігінен басталатынын өмірдегі кез келген жағдаймен дәлелдеуге болар еді. Яғни, қоғам моральдық негізге, мәдени-рухани құндылықтарға сүйенуі және берік сақтауы тиіс. Адалдық — ең алдымен, жеке тұлғаға тән этикалық категория. Әкім де, саудагер де, түптеп келгенде, жеке адам.
Қазақ мақалы осындай концептуалдық ойды тап басып, анық айтады, адами болмыстағы рухани адалдықты алдыңғы шепке шығарып, құндылықтың ерекше үлгісін жасайды.
Қорытынды: қоғам бұзылмауы үшін Шаһкәрім Ақын айтқан Ар ілімі — басты рухани ілім болуы тиіс.
Әр мектептің барлық сыныбында “Ар ілімін” пән ретінде оқыту маңызды болып отыр.
Жазған: Анар Салқынбай
Анар Бек Фейзбук парақшасынан алынды
