ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ЖАҢА РЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар қауымымен кездесіп, университет ұжымына жаңа ректорды таныстырды. Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Оқу орнының ректоры болып 34 жастағы ғалым Лаура Қарабасова тағайындалды. Қазақстандағы және Zhubanov University тарихындағы ең жас ректор Лаура Қарабасова жарияланымдық белсенділік нәтижелері бойынша 2021 жылғы рейтингтегі еліміздің үздік ғалымдарының қатарында (Scopus), әлемдік ғалымдармен бірлесіп жазылған білім беруді трансформациялау кітаптарының авторы, «Білім және ғылым» бағыты бойынша Ұлттық Ғылыми кеңестің мүшесі.

 

 

— Осы университетке келудегі басты мақсат – кадр мәселесі. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректорлығына конкурс жарияланып, директорлар кеңесінің отырысында бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде республикалық комиссияның шешімімен Лаура Қарабасова университеттің ректоры болып тағайындалды. Лаура Қарабасова Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты үздік бітіріп, одан кейін осы университетте білімін жетілдіріп, кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Уорик университетін тәмамдаған. Сонымен қатар Назарбаев университетінде білімін жалғастырып, сол университетте менеджер мамандығынан бастап, департамент басшылығына дейін көтерілді. Лаура Қарабасова білім беру саласындағы философия докторы (Ph.D.), білім берудегі көшбасшылық және менеджмент саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі. Мен вице-министр болып қызмет етіп жүргенде де талай бағдарламалар бойынша бірге жұмыс істедік. Осындай дүниежүзілік деңгейдегі білімімен, біраз тәжірибе жинақтай отырып Лаура Чапайқызы өз еліне оралып, өзі оқыған университетте проректор қызметін атқарды, — деп министр жаңа ректор Л.Қарабасованың қызметіне сәттілік тілеп, өңірлік университетті алға жылжыту бағытында зор сенім артты.

 

 

Министр жаңа басшылық алдына ең алдымен болашақ мамандарды өмірге бейім, кез-келген өзгеріске лайықты әрекет ете алатын жан-жақты етіп даярлауға көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Министрдің айтуынша, университет арнайы академиялық ұтқырлық бағдарламасына енгізілмек. Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге шетелдік университетте семестр бойы оқуға мүмкіндік береді.

Лаура Қарабасова осы уақытқа дейін университет ректоры міндетін атқарып келген Рахым Бекназаровқа, министр Асхат Аймағамбетовке, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтайтынын айтты.