«Фосфорщик» газетіне 40 жыл! ТАРИХЫ БАЙ БАСЫЛЫМ

Тарих үшін 40 жыл дегеніңіз қас-қағым сәт шығар, бірақ ақпараттың жаршысы болып жүрген басылым үшін тұтас бір дәуірдей-ақ кезең.

Жамбылдағы «Фосфорщик» газеті өткен ғасырда жарық көре бастады. КСРО дәуірінде туып, кейінгі тағдыры тәуелсіздік жылдарында елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрілді.

Өнеркәсіп орындары сол кездерде елде көптеп ашылып жатты. Әсіресе Әулиата өңіріндегі фосфор өндірісі қыза түсті. Жұмысшылардың ынта-жігерінің, отаншылдық рухының, жалпы, тынымсыз еңбегінің арқасында құрылыс жобалары бүкілодақтық еңбек қозғалысының бастауы болды. Сол жылдары қанатын кеңге жайған Жаңа Жамбыл фосфор зауыты облыс тарихында өшпес әріптермен жазылып қалды…

…Осыдан 40 жыл бұрын, 1981 жылы 6 тамызда «Фосфорщиктің» бірінші саны жарық көрді. Алғашында ақ-қара түсті болып шыққан басылым соншалықты жүректерді жаулап алады, химиктердің сеніміне кіреді деп ешкім ойламаса керек. Тіпті  оның ұзақ өмір сүретінін ешкім болжаған жоқ. Бүгін біз «Фосфорщиктің» ақпараттық кеңістікте өзіндік орнын тапқанын сенімді түрде айта аламыз. Егер бұрын газетті тек Жаңа Жамбыл фосфор зауыты «тұрғындары» оқитын болса, енді ол компанияның басқа филиалдарына да таратылады.

Газет зауыттың еңбекқор, жетекші қызметкерлері туралы үзбей жазып келеді. Әр номер сайын «Қазфосфат» зауыттарының түрлі саладағы жетістіктерін жариялап отырады. «Фосфорщик» беттерінде Минералды тыңайтқыштар зауытының, «Теміржол кешені» филиалдарының, «Қаратау» тау-кен комбинатының, «Шолақтау», «ЖЖФЗ» зауыттарының және компанияның Тараздағы бас кеңсесінің жетістікке жетіп жүрген қызметкерлері жайлы дәріптеліп тұрады.

– Біздің газет беттерінен балаларға арналған жазғы каникул маусымында «Қазфосфат» жастар одағының жұмысы туралы үнемі оқитынбыз. Ал бүгінгі карантинге дейін қандай керемет байқаулар, фестивальдар, КВН ойындары өтіп тұратын. Қатысқан қызметкерлердің әрқайсысы өздерінің таланттары мен қабілеттерін көрсететін. Барлық оқиғалар, қызықты сәттер, соның ішінде спорт та газетімізде түрлі-түсті фотосуреттермен үнемі жарияланып отырады. Әрине, компания мыңдаған жұмысшылары бар үлкен ұжым. Сондықтан, әртүрлі пікір, түрлі ой болатыны заңдылық. Яғни, бәріне бірдей ұнай беру де мүмкін емес. Сол себепті біз материалдарды беруде тепе-теңдікпен сақтауға барынша тырысамыз. Екі тілде де инженерлік, техникалық жұмысшылар мен өзге де еңбеккерлер туралы жиі жазамыз. Негізінен бізге көбіне жұмысшылардың өздері байланысқа шығып, ұжымдас досы, әріптесі немесе қатар жүрген қызметкерлер жайлы жарияланғанын қалап, өздері де мақала жолдап тұрады, – дейді басылымның бас редакторы Зина Байғанова.

«Фофорщик» тек қана фосфор өндірісінің төңірегіндегі ғана жаңалықтармен шектелмейді. Онда жұмысшы құқығы, медициналық, қыз-келіншектерге арналған косметологиялық кеңестер айтылып отырады. Тіпті оқырмандар ұсынысымен жұлдыз жорамал, кроссвордтар да тұрақты беріліп келеді екен.

– Газеттің 40 жылдық мерейтойына орай компания басшылығы мен редакция қызметкерлеріне әріптестерінен, серіктестерінен, басқа басылымдардан, Еңбек инспекциясынан құттықтаулар келді. Ол үшін алғысымыз шексіз, – дейді бас редактор.

Кезінде талай-зауыт фабрика тоғырауға төтеп бере алмай жабылып тынып еді. «Қазфосфаттықтар» қаншама қиындыққа мойымай, ағысқа қарсы жүзгендей табандылық танытып, соның арқасында компания ғұмырын жалғастыра алды. Зауыт қызметкерлері бүгінде өздерімен бірге иық тірестіре еңбек етіп келе жатқан «Фосфорщик» газетінің ұжымын да мақтан тұтады.

– Компанияның қазіргі басшыларының газеттің шығып тұруын құптап, қолдағаны көңілімізді көтеріп тастады. Газет зауыт үшін, шығармашылыққа жақын жұмысшылары үшін өте керек дүние. Бізді де әлі көп жұмыс күтіп тұр, алайда біз оны еңсере аламыз деген сенімдемін. Газеттің әр санында біз «қазфосфаттықтарды» ынтымақтастыққа шақырудан жалықпаймыз, – дейді Зина БАЙҒАНОВА.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Жамбыл облысы