«Жер – ортақ байлығымыз»

Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісіне қатысты.

Басқарма басшысы БҚО бойынша жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аталмыш мекеменің қызметімен және жер қоры бойынша мәліметтермен таныстырып өткен Мұрат Амангелдіұлы пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлері мәселесіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарып алу, қайта айналымға енгізу, бақылауды күшейту, базалық салық ставкасын арттыру, жаңа технологиялар негізінде бақылау әдістерін даярлау қажеттілігі бойынша тапсырмалар берді. Осы ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру, аталған жерлерді қайтарып алу мерзімдерін қысқарту, ғарыштық мониторингке көшу мәселелері бойынша заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда жерге сұраныс көбейіп, оның пайдалануын бақылауға да талаптар күшеюде. Жер ресурстарын тиімді пайдалану және пайдалануды жоспарлаудағы ең маңызды мәселе – бұл ортақ құндылықтар мен мақсаттарды айқындап, барлық мүдделі тараптардың қатысуын қамтамасыз ету. Жер ортақ байлығымыз болғандықтан, аталған мәселені шешу мемлекеттік органдардан бастап, шағын фермерлер мен ауыл тұрғындарына дейін байланысты, – деді басқарма басшысы. Айтуынша, 2019-2020 жылдар аралығында өңірімізде 911 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталған.

Қазіргі уақытта анықталған пайдаланылмай жатқан жерлердің ішінен 116 мың гектар жерді пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарса, оның ішінен ауыл шаруашылығы айналымына 43 мың гектары қайта енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жер пайдаланушылар 465 мың гектар жерді игеруге кіріскен. Енді қалған 330 мың гектарды құрайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар басқарма басшысы М.Өмірәлиев өз баяндамасында жер учаскелерін табыстау, тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру, жайылымдар, жер қатынастары саласын цифрландыру, ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтып өтті.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы