Ұлы ақынның мерейтойымен орайласқан қуаныш

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназия жуырда жаңа ғимаратқа көшіп, ұстаздар мен оқушылар үлкен қуанышқа кенелді.

Осы кезге дейін 1961 жылы салынған апатты жағдайдағы ғимаратта орналасқан мектеп-гимназия өз жұмысын су жаңа 310 орындық мектепте жалғастыруда. Республикалық бюджет қаржысына салынған жаңа мектеп үш блоктан тұрады. Олардың бірінде – оқу кабинеттері, екіншісінде – бастауыш сынып кабинеттері, ал үшіншісінде – асхана, спорт және мәжіліс залдары орналасқан. Сонымен қатар 100 орындық интернаты бар нысанның құрылысын «Алтим» ЖШС жүргізген екен.

Мектеп-гимназия директоры Светлана Уразованың айтуынша, білім ордасындағы жалпы оқушылар саны – 341. – Қазіргі таңда бастауыш сыныптар бойынша жеті кезекші топтағы оқушылар мектепте санитарлық талаптарға сай білім алуда. Ал 5-11-сынып оқушылары қашықтан оқытылуда. Пандемияға байланысты интернатқа әлі бала қабылдамадық. Бүгінгі таңда білім ордасында жоғары білімді 43 педагог қызмет етуде, арасында жас мамандар да бар. Ұстаздарымыздың сапалық құрамы 63 пайызды құрайды, – деді Светлана Қошанқызы.

1994 жылы ашылған мектеп-гимназияға 1996 жылы ұлы Абай ақынның есімі беріліпті. Биылғы ойшыл ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жаңа ғимаратқа көшкен ұжым бұл қуанышты жақсылыққа балайды. Сонымен қатар жаңа мектептің салтанатты ашылуына білім ошағының әр жылдардағы түлектері ұлы Абайдың бюстін тарту еткен.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

Нұрбек Ихсанның суреті