Батысқазақстандық өнер ұжымы – үздіктер қатарында

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жыл соңында тағы бір қуанышты жаңалықтарымен бөлісті.

Атап айтқанда, филармония ұжымы І республикалық «Сәлем, Елорда!» өнер фестивалінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған.

– Жалпы бұл байқау ағымдағы жылдың қараша айында басталған болатын. Біздің филармония ұжымы да осы байқауға қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақконцерт» ұйымының ұйымдастыруымен республикалық өнер фестивалінің гала-концерті өтті. Бұл іс-шараға менімен бірге филармония әншілері Қайрат Кәкімов пен Жаңылсын Хасанова да қатысты, – деді Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Асхат Қажғалиев. Елорда төрінде өткен республикалық өнер фестивалінің қорытынды кезеңі аясында облыстардан барған филармония басшылары өнер байқауының жетістіктері жарияланып, өнер саласындағы өзекті мәселелер талқыланған дөңгелек үстелге қатысқан.

Ал «Қазақстан» орталық концерт залында өткен гала-концертке үздік деп танылған өңірлік өнер ұжымдарының өнерпаздары қатысып, өз өнерлерін көрсеткен. Аталған өнер байқауының мақсаты – өңірлердің мәдени жетістіктерін насихаттап, талантты орындаушыларды қолдау.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы