Жемқорлыққа қарсы жаңа тетіктер
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық бұзушылық жасаған адамды жазалаумен шектелмейді. Оның алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау, басқару үдерістерін ашық ету және қоғамда адалдық құндылығын орнықтыру қатар жүруге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа заңнамалық өзгерістер жемқорлыққа қарсы саясаттың алдын алу бағытын күшейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат Қазақстанның 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асырумен қатар, халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізуді көздейді.
Заңдағы маңызды жаңалықтың бірі – мүдделер қақтығысының әлеуетті, нақты және орын алған түрлерінің ара-жігін ажырату. Әр санат бойынша нақты әрекет ету алгоритмі мен мерзімдер белгіленді. Мұндай тәсіл мәселе құқық бұзушылыққа ұласқаннан кейін әрекет етуден гөрі, оның пайда болу мүмкіндігін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелердің жарамсыз деп танылуы да қарастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің дербестігін күшейту де осы логикаға сәйкес келеді. Енді олар атқарушы органнан тәуелсіз жұмыс істеп, директорлар немесе байқау кеңесіне есеп береді және уәкілетті органмен тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Яғни жемқорлық тәуекелдерін ұйымның ішінде ертерек анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін ішкі бақылау тетігі күшейеді.
Цифрландыру да осы үдерістің маңызды бөлігіне айналып отыр. Мәселен, қызметке қабылдау кезінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негіздері бекітілді. Бұл адами факторды азайтып қана қоймай, шешім қабылдау үдерісін ашық әрі бақылауға қолайлы етуге мүмкіндік береді.
«Біз жемқорлықтың салдарымен емес, оның пайда болу себептерімен күресуіміз керек. Ол үшін мемлекеттік процестерді барынша ашық әрі түсінікті ету маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллект осы мақсатқа жетудің негізгі құралы болуы тиіс», деді «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінде партия мүшесі Бағдат Мусин.
Оның бұл пікірі жаңа технологиялардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы әлеуетін көрсетеді. Егер мемлекеттік қызметтер барынша цифрланып, шешім қабылдаудағы артық адами буындар қысқарса, азамат пен шенеунік арасындағы тікелей байланыс та азаяды. Бұл тұрғыдан жасанды интеллект тек қызмет көрсетуді жеделдететін құрал емес, тәуекелдерді алдын ала анықтайтын тетікке айналуы мүмкін.
Мәселенің ауқымын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің биылғы маусымдағы деректері де көрсетеді. Осы кезеңде 125 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 67 адам күдікті деп танылған. 149 қылмыстық істі тергеу аяқталып, оның 129-ы сотқа жіберілген. Аяқталған істер бойынша анықталған залал 4,7 млрд теңгені құраса, бюджетке 2,1 млрд теңге қайтарылған.
Бұл көрсеткіштер сыбайлас жемқорлықтың тек құқықтық емес, экономикалық салмағы да жоғары екенін аңғартады. Сондықтан жазаның бұлтартпастығымен қатар, оны туындататын жағдайларды жою маңызды. Жаңа заңда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шара қабылдамаған мемлекеттік органдар басшыларының, сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілігінің күшейтілуі осы міндетпен сабақтас.
Параға қатысты нормалар да қатаңдатылды. Пара беруге уәде ету, ұсыну және пара талап ету үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Бұл нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар аурухана, мектеп, жоғары оқу орны, банк және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа да ерекше назар аударылды.
Алайда құқықтық нормалардың тиімділігі оларды қоғамның қабылдауымен тікелей байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптаспайынша, заң талаптарының өзі жеткілікті нәтиже бере алмайды. Адалдықты қалыпты мінез-құлық, ал параны кез келген жағдайда қабылданбайтын әрекет ретінде орнықтыру – ұзақ мерзімді жұмысты қажет ететін қоғамдық міндет.
Сондықтан бүгінгі саясаттың маңызды бағыты – жемқорлық фактісін анықтаумен қатар, оның пайда болуына мүмкіндік беретін жағдайларды азайту. Ашық мемлекеттік басқару, цифрлық технологиялар, тәуелсіз ішкі бақылау, жауапкершіліктің бұлтартпастығы және құқықтық мәдениет бір жүйеде жұмыс істегенде ғана қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік берік орнығады.

