Жауғаш батыр Қырбасұлының 290 жылдығы өтті

Өз дәуірінің теңдессіз, қаһарман батыры, төрт құбыласы тең, сол заманның аса білікті, көрнекті дипломаты, мәмілегер, ел мен елді елдестірер елші, тұғырлы тұлғасы Жауғаш Қырбасұлының 290 жылдығы өмірі мен ерлігіне арналған мерейтой Меркі өңірінде 21 қазан күні аталып өтті.
2022 жылдың қыркүйегінде меркілік ағайындар жер-жердегі ағайындарды шақырып, осы аталмыш мерейтойды атап өту жөнінде алқалы жиын өткізген болатын. Сол жиынға Алматы, Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан сондай-ақ Жамбыл облысының барлық аудандарынан өкілдер қатысты. Алқалы жиында атамыздың 290 жылдық тойын өткізудің маңыздылығын айта келіп, 2023 жылдың күзінде дүбірлі тойды өткізу туралы шешім қабылданды. Ол үшін Жауғаш Қырбасұлы атындағы арнайы қор құрылып, қордың құрамы сайланды. Сол қордың құрамында мен де болдым.
Қордың негізгі мақсаты — атамыздың Меркіде тұрған ескерткішін күрделі жөндеуден өткізу, ескерткіш тұрған жерді заңдастыру, ғылыми практикалық конференция өткізу, кітабын шығару, тарихи құжаттамаларға негізделген кино түсіру, ал негізгісі Жауғаш Қырбасұлының мерейтойын атап өту болатын.
Осы мақсатта арнайы іс-жоспар жасалып, жұмыс жүргізілді.
Осы жұмыстардың басында біздің мойынқұмдық бауырлар да болды. Атап айтатын болсақ, мойынқұмдық қораластар қорға 500 мың ақшалай жәрдем бердік.
Жауғаш батыр Қырбасұлы жоңғар қалмақтарымен болған соғыста жорық жолдарында ақыл-айласымен, парасатымен, тасқындаған күш-қайратымен жауының тізесін бүктірген жүрек жұтқан батырлардың бірі. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Тарақты Байғозы, Шанышқылы Бердіқожа және тағы басқа батырлармен тізе қосып елі үшін, жері үшін ұрыс майданында ерлігі мен шешендігімен ерте іліккен тарихи тұлға. Бабамыз әр кез Абылай ханның қасынан табылды, ханмен бірге әскери жорықтарға қатысты, дипломатиялық қызмет атқарды, әрі батыр, әрі елші болды. Қытаймен бітім жасауда мәмілегерлік шеберлігін танытты. Қырғыз елімен арақатынасты реттеуде Жауғаш батырдың еңбегі ұшан-теңіз екендігін дәлелдеудің қажеті жоқ.
Үстіміздегі жылдың 6 қазанында өткен Хас батыр, қаһарман елші Жауғаш Қырбасұлының 290 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы да батыр бабамыз жайында өскелең ұрпаққа деректердің мұра болып қалуына себепкер болары сөзсіз. Осы конференцияның модераторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, филология ғылымдарының докторы, Жамбыл облысы мен Меркі ауданының Құрметті азаматы Намазалы Омашевтың «Жауғаштану – Шоқан зерттеуінен басталған» тақырыбындағы баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Бүгінгі ғылыми мәжілісте оншақты баяндамалар жасалады. Оның бағдарламасы конференция материалдары жинағының алғашқы бетінде көрсетілген. Жалпы, Жауғаштану жайлы сөз қозғағанда, алдымен ел аузындағы ескі әңгіме, жырларға, осы тақырыпқа жазылған тарихи шығармаларға соқпай өте алмаймыз. Олар: Шоқан Уәлиханов 1855 жылы өз қолымен жазып алып, Әлкей Марғұлан 1984 жылы Ш.Уәлихановтың 5 томдық шығармаларына енгізген «Абылай туралы жыр», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Құрбан қажы аузынан жазып алған «Жалаңаш баба» деген деректі хикаяты. Сол сияқты ақындығымен аты осы төңірекке тегіс мәлім, терең діни білім иесі, Қоралас руынан шыққан жерлесіміз (1912 жылы «Ойтал» ауылында дүниеге келген) Әміт Әлмұхаметұлының «Жауғаш батыр» жайлы дастанының орны мүлде бөлек. Онда батырдың балалық шағынан бастап, Абылай туын ұстағанға дейінгі өмір-шежіресі кең тыныспен жырланады. Дастанның деректік кұндылығы да, жазылу шеберлігі де, өте жоғары бағаланып келді және солай бола беретініне күмән жок. Одан бергі жерде Асекеңнің. Асанбай Асқаров ағамыздың 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай Алматы облысында өткен дүбірлі тойда айтылған аталы сөзі Жауғаштануға жаңаша қарқын берді. Содан кейін іле-шала Меркіде «Жауғаш батыр қоғамдық қоры» құрылып, оған ардақты ағамыз — Бейсеналы Әріпбай жетекшілік жасап, жан-тәнімен жұмыстар атқарды. Бейсекең өзі экономист бола тұра, тарихи тақырыпқа жазылған танымал жазушылардың (Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев сиякты) шығармаларында кездесетін кейбір жансақтыққа қарсы салмақты мақалалар жазды. Тіпті, Бахтияр Әбілдаұлының «Жауғаш батыр Абылайханның елшісі» деген романының жазылуына тікелей мұрындық болды.
Тағы бір естен кетпейтін ерекше құбылыс Темірбек ағамыздың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған репликасы. Ол Әуезовтің шәкірті атанған белгілі ғалым Қайым Мұхаметханұлының «Кім жетер Қабанбайға дуа қонған» деген мақаласында кеткен кемшілікті дер кезінде түзетуі еді (7.02.1992).
Өйткені, Қайым: «Абылай сәске көтерілгенше амалдап, тыныс алмақшы болып, бітім сөйлесейік деп, Қораласұлы Ер Жауғаш (арғын) деген жігіттi елшіге жібереді» деп жазады. Ал, шын мәнінде Ер Жауғаш Қораласұлы емес, Қырбасұлы. Қоралас оның шыққан руы. Арғы тегі Дулаттың Ботбайы деп көрсетті аталған газеттің бетінде (17.04.1992) профессор Темірбек Қожакеев. Сонда Жауғаштың ата тегін белгілі ғалымның өзі шатастыруы неден болды? Себебі, біріншіден, ол Алматы облысында дүниеге келіп, Жамбыл облысы Меркі өңірінде жастық шағын, қалған саналы ғұмырының көбісін Арқадағы Абылай жанында өткізгендіктен.
Екіншіден, бұрындары ел аузындағы аңыз әңгімелерде батырлардың аты-жөні руы атымен қатар аталатын болған. Мысалы, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп кете береді… Ал, Жауғаш бабамызды арқадағы көпшілік «Ер Жауғаш» деп қана атаса керек. Яғни, қай рудан екені ауызға алына бермеген.
Ендеше, осыдан шығар түйін ата тарихымыздан жеткен дәстүр бойынша біздің бабамыздың ата-жөні де үнемі «Қоралас Жауғаш батыр» деп жазылуы керек. Осылай қалыптасқаны дұрыс деп ойлаймыз.
Жауғаш жайлы аңыз әңгімелерді, жыр жазбаларды Кәдірқожа Амангелдиев ағамыздың аузынан жиі еститінбіз. Ол кісі кезінде өлең де, мақала да жазды. Сол сиякты Сәмен батыр ұрпағы Әпсемет Арғынбайдың да батырдың туған жерін зерттеудегі үлесі үлкен.
КазҰУ-нің ректоры болып тұрғанда Жауғашты зерттеуге жас ғалымдарды тартып, қаржылық көмегін беріп, кейін өзі де «Бас бармағы балтаға сап болғандай» деген салмақты зерттеу мақала жазған, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Көпжасар Нәрібайұлының да еңбегі елеулі екені даусыз. Сол сияқты Жауғаштануға жақында ғана қосылған екі еңбекке ерекше тоқталмасақ болмайды. Олар: белгілі Байбарыстанушы Қайрат Сакидің «Қоралас Жауғаш батыр» деген (Астана, «Фолиант», 2023 ж.) шағын кітабы мен «Жауғаш батыр» атты ғылыми жинақ (Алматы, «Мирас», 2023 ж.).
Шыны керек. Қайраттың кітабы шағын болғанымен көтерер жүгі, пайдалы әсер коэффициенті жоғары екені анық. Онда қазіргі зерттеу еңбектерге қойылатын талап-тілектер толық орындалған. Әрі бүгінгі оқырманды жалықтырмай жетелеп отыратын әдіс-тәсіл орынды қолданған. Ал, екінші еңбектің құрастырушылары: Мұхтар Қазыбек, Нағашыбек Қапалбекұлы. Мәдет Қожакеев. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Зерттеулер, мақалалар, ой толғамдар»; екінші бөлім «Деректі хикаят, әңгіме, эссе»; үшінші бөлім «Жыр-дастандар, баллада, арнау өлеңдер» деп аталады. Мұнда Жауғашқа байланысты бұрын соңды жазылған еңбектер түгелге дерлік қамтылып, оған қоса Бейсеналы Әріпбайдың қор жұмысын ұйымдастырудағы атқарған істері, шығармашылық жетістіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Ол Абылай ханның ту ұстаушысы сенімді сардарының бірі. Оның айғағы Абылай ханның Жауғаш бабамызға Жеңіс туын сыйға беруі.
Алқалы тойға 21 қазан күні бір топ мойынқұмдықтар барып қатысып қайттық.
Меркі ауданы Т.Рысқұлов ауылының жанындағы атшабарға 20-дан астам ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, әдемі сахна қойылыпты. Той ата салтымыз бойынша бата беріліп, аудан имамы Жауғаш атамыздың рухына арнап құран бағыштаудан басталды. Содан кейін меркілік әртістердің күшімен Абылайханның Жауғаш батырға жеңіс туын сыйға тартуы туралы көрініс көрсетілді. Осы жеңіс туы туралы айтқанда қазіргі кезге дейін сақталған осы туды қайтадан өңдеп, жаңалап көрсетілді. Тойды өткізу барысында алыс-жақын жерлерден келген ғалымдар мен тарихшылар, соның ішінде Жауғаш атамыздың ескерткішін ашуға үлес қосқан, облысымыздың басшысы болған Бөрібай Жексембин де сөз сөйлеп, бұл тойдың маңыздылығына тоқталды. Тойдың соңы концертке ұласып жатты. Осы жиында мен де сөз алып мойынқұмдық қораластардың атынан құттықтау хат тапсырып, қордың төрағасы Өсімжан Омаровқа шапан кигіздім.
Тойды өткізу барысында көкпардан ақтық сайыс өткізіліп бірінші орынға түйе, екінші орынға жылқы, екі үшінші орынға тай мен тана табысталды.
Тай бәйгесіне 50 тай қатысып бірінші орынға мотоцикл, екінші орынға тай, үшінші орынға тана, төртінші орынға 120 мың, бесінші орынға 100 мың теңге берілді.
Ал құнан бәйгеге 54 құнан қатысып бірінші орынға – бір миллион теңге, екінші орынға түйе, үшінші орынға жылқы, төртінші орынға тай, бесінші орынға тана берілсе, 35 шақырымдық аламан бәйгеге 70 ат қатысты. Бірінші орынға «Хюндай» автокөлігі, екінші орынға «Нива» автокөлігі, үшінші орынға 1 млн теңге, төртінші орынға жылқы, бесінші орынға құнан, алтыншы орынға тай, жетінші орынға тана берілді. Аламан бәйгені Меркі ауданының аты жеңіп алды. Осы орайда біздер мойынқұмдықтар аламан бәйгеде бірінші болып келген атқа жабу, шабандозға 100 мың теңге сыйлық бердік.
Жалпы айтқанда той жоғары дәрежеде, үлкен ұйымшылдықпен ұйымдастырылыпты. Біз соның куәсі болдық.
Мерейтойға 3 мыңға жуық адам қатысып, ризашылықтарын білдірді.
Бабамыз Жауғаштың ел бірлігі мен жеріміздің тұтастығы үшін еңбегін бүгінгі ұрпақ жалғастыра бермек.
Мақаламның соңында осындай келелі жиынға атсалысқан барлық бауырларыма, інілеріме көптен-көп алғысымды білдіремін. Алла олардың істеп жатқан кәсібіне нәсіп берсін. Молынан берсін. Алланың ризашылығы болсын.
Мұханбетқұл САБЫРОВ,
Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мойынқұм ауданның және Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы.

 

Мойынқұм Таңы