«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы өз жұмысын бастады

Түркістан қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының кезекті еңбек маусымы басталды. Биылғы еңбек маусымында 36 белсенді жас еңбек етуде. Еңбек маусымының алғашқы жұмыс күні Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылып, жасақ мүшелері саябақ аумағын қоқыстан тазалау және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. «Жасыл ел» жобасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, еңбекке баулуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатыстыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып саналады. Алдағы уақытта жасақ мүшелері қала аумағындағы қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады дейді мамандар.

Түркістан қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының қатысуымен қала аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Жасақ жастары Тәуке хан көшесінде қоқыстан тазарту жұмыстарын атқарды. Жұмыс барысында көше бойындағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, аумақтың санитарлық тазалығы қамтамасыз етілді. Аталған жұмыстар қаланың тазалығын сақтау, жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыру және жастарды қоғамдық еңбекке тарту мақсатында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандыру қағидалары өзгерді. Енді жеке үй мен коммерциялық нысан иелері өз аумағынан бөлек, үйінен 5 метрге дейінгі іргелес аумақтың тазалығына да жауап береді. Не өзгерді дейсіз бе, тоқтала кетейік. 5 метрлік іргелес аумақ заңмен нақты бекітілді. Қоқыс, арамшөп, қар мен мұзды тазалау міндетті. Қоршау сыртында құрылыс материалдарын, отын, тыңайтқыш, тіркеме немесе көлікті ұзақ уақыт қалдыруға болмайды. Үйдің нөмірлік белгісі болуы, қасбет пен қоршау күтімді болуы тиіс. Құрылыс қоқысын тек арнайы орындарға шығару қажет. Егер орындалмаған жағдайда айыппұлдар да қарастырылған. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 20 АЕК (86 500 теңге) басталады, ал ортақ аумақты ластағаны үшін 10 АЕК (43 250 теңге) немесе қоғамдық жұмыс, қайталанса, жаза күшейеді. Хаттаманы енді полициямен қатар әкімдік инспекторлары да толтыра алады. Ең маңыздысы сол, 5 метрлік аумаққа қоқысты басқа біреу тастап кетсе де, оны тазалау міндеті меншік иесіне жүктеледі. Айыппұл төлегеннен кейін де қоқыс тазаланбаса, қайтадан жауапкершілікке тартылады.