«Бірлік пен сергектік – табыстың кепілі» тренингі өтті
Түркістанда қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Түркістандағы Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің жастарына арналған «Бірлік пен сергектік – табыстың кепілі» атты психологиялық тренинг өткізілді. Тренинг барысында қатысушылардың көңіл күйін көтеруге, өзара қарым-қатынасты нығайтуға және ұйымшылдықты арттыруға бағытталған түрлі психологиялық және сергіту ойындары ұйымдастырылды. Жастар белсенді қатысып, тапсырмалар арқылы бір-бірімен еркін қарым-қатынас орнатып, командалық жұмыс дағдыларын жетілдірді. Іс-шараны Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Өміртаева Жансая Ержанқызы және Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің маманы Өмірзақ Камола жүргізді. Іс-шараның мақсаты жастардың психологиялық көңіл күйін көтеру, эмоционалдық тұрақтылығын нығайту, ұжымдағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыру, қарым-қатынас мәдениетін дамыту және салауатты психологиялық ортаны қалыптастыру болып саналады.
Киелі шаһарда бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің жастарының қатысуымен «Лудомания – қоғам дерті» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында жастар арасында ойынқұмарлықтың (лудоманияның) себептері мен салдары, оның жеке тұлғаға, отбасына және қоғамға тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға тәуелділіктің алдын алу жолдары, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және психологиялық тұрақтылықты дамыту бойынша пайдалы ақпараттар берілді. Семинар-тренингті Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Өміртаева Жансая Ержанқызы және Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің маманы Өмірзақ Камола жүргізді. Іс-шара барысында қатысушылармен пікір алмасу ұйымдастырылып, жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Іс-шараның мақсаты жастар арасында ойынқұмарлықтың алдын алу, лудоманияның зиянды салдары туралы ақпараттық-түсіндіру болып саналады.
