Жастарға сенім сыйлаған кеш

Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен қала жастарына арналған көңілді кеш өтті. Іс-шара аясында қатысушылар Жастар саябағынан бастау алған экскурсияға қатысып, жаңадан іске қосылған Red Bus экскурсиялық автобусымен Түркістан қаласының көрікті және тарихи орындарын тамашалады.
Экскурсиядан кейін жастар Қолөнершілер орталығында өткен мерекелік кешке жиналды. Бағдарлама барысында қызықты ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Кештің көркін «Alem Band» тобының өнер көрсетуі аша түсті. Танымал топ өздерінің әсерлі әндерін орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше атмосфера сыйлады. Шара соңы жастардың қатысуымен өткен көңілді би кешіне ұласып, кеш жоғары деңгейде қорытындыланды.

Іс-шараның мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың өзара қарым-қатынасын нығайту, белсенді өмір салтын насихаттау, шығармашылық әлеуетін дамыту және қоғамдық белсенділігін арттыру. Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған осындай мәдени-танымдық және ойын-сауық іс-шараларын тұрақты түрде жалғастырады.