Түркі әлемі: Ардагерлер ұрпақ алдында жауапкершілікті қалай сезініп жүр?
Ұлттық құндылықты ұрпақ бойына сіңіруде алтын көпір болатын қазыналы қариялар бүгінде қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп жүргені расү өйткені оқитын ардагер – оқитын қоғамның жаршысы, зерделі ұлттың тірегі. Ел Президентінің кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мақсатында бір топ түркістандық ардагерлер Түркітілдес халықтардың кітапханасына барды. «Құрмет» орденінің иегері, медицина ғылымдарының кандидаты Қыдырәлі Рысбеков басқаратын Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері түркі халықтарының рухани мұрасы мен мәдени құндылықтарын ұлықтайтын орданың тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында кітаптың ұлт тәрбиесі мен жаңғыруындағы және жас ұрпақтың дүниетанымын дамытудағы маңызы кеңінен сөз болды. кітапхананың қорымен танысты.
Филология ғылымдарының докторы, мемлекеттік Абай атындағы әдеби сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, профессор, ғалым, «Парасат» орденінің иегері, кітапхананың құрылтайшысы Құлбек Ергөбекпен кездесіп, қызықты сұхбат құрды. Түркі дүниесінің әдебиеті жайлы тың мәліметтер алып, әрбір кітаптың тарихы, авторларының өмірі, отандық және әлемдік әдебиеттің алып тұлғалары Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Сәбит Мұқанов, Тұрсынбек Кәкішев, Герольд Бергер, Бейсенбай Кенжебаевтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы қызықты әңгімелер тыңдады. Құлбек Сәрсенұлы жан жары, тарих ғылымдарының кандидаты ғалым, «Құрмет» орденінің иегері, отбасылық кітапхананың негізін қалауда үлкен үлес қосқан Баян Адырбек екеуінің осы баға жетпес мұрағатты ұзақ жылдар бойы жинақтаудағы жанкешті еңбектерін айта келіп, қазақ халқының туған перзентіндей болып кеткен неміс жазушысы Герольд Бергердің Баян Садыққызына Бейсенбай Кенжебаевтай ұлтымыздың толағай тұлғасына күтім жасағаны үшін «Герой келін» деген ат бергенін де сөз арасында тағылымды тәрбие ретінде айтып өтті. «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, қатысушылар күнде көріп жүрген замандасы, қоғам белсендісі, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Баян Адырбекті үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер жаңа бір қырынан тани түсті. Сондай-ақ кітапхана құрылтайшысы кітапхананы жандандыруға өз үлесін қосып, қызметкерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасап, рухани құндылықты бағалаған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына жиналған қауым алдында алғыс сезімін білдірді. Кездесуге қатысушыларды Құлбек Сәрсенұлының өзі бастап, бірнеше оқу залынан тұратын кітапхананың бай мұрағатымен таныстырды.
Тағылымды жиын соңында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оспанұлы Рысбеков өз әсерімен бөлісті. «Адамның танымы өзгермей, өмірі де өзгермейді. Ой да өзгермейді. Ал таным қалай өзгереді? Ол осы құнды, қасиетті кітаптар арқылы өзгереді. Осы әңгімелесіп, сұхбаттасқан бір сағаттың көлемінде рухани ләззат алдық. Өйткені сіздер тарихсыздар! Кітаптардың өзі тарих. Осыны жас ұрпаққа жеткізуіміз керек» деді. Мұндай кеш байлықты алыстан іздемей, рухани құндылығымызды арттыратын алтын қазынамызды бағалауға үндейтіндей.


