Түркістандық профессор Астана атауының тарихын тарқатты

Ел жүрегі елорданың халқымыз үшін маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Ел Егемендігінің ең ұлы нышанына айналған елорда бұл күндері бейбітшіліктің бесігін тербетіп, Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп тұр. Елімізде 6 шілде Астана күні аталып өтеді. Осынау айтулы күнде түркістандық ғалым, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжатай тарих беттеріне үңіліп, бұл атаудың шежіресін тарқатты.

«Бүгінгі «Астана күні» баршаңызға құтты болсын! Мен бұл жерде «Астана» ұғымының сопылық, тарихи және мәдени мағынасы туралы қысқаша мағлұмат бере кетпекшімін…» деп бастаған ол әрі қарай жалғады. «Астана (парсыша: аастаан-е) термині сөздіктегі қарапайым мағынасынан әлдеқайда кең ұғымға ие. Бізде ол сопылық іліммен, қазақ мемлекетінің тарихы мен мәдениетінде терең рухани және рәміздік мәнге ие болған. Сөздік мағынасы, «Астана» сөзі «табалдырық», «есік алды», «ленгердің кіреберісі», «қасиетті құзырдың қақпасы» деген мағыналарды білдіреді. Парсы тілінде бастапқыда «табалдырық» деген мағынада қолданылған бұл сөз уақыт өте келе рухани әрі саяси мазмұнға ие болды. Сопылықтағы мағынасы, астана – жай ғана ғимараттың есігі емес, рухани тәрбиенің басталатын табалдырығы ретінде қарастырылады. Негізгі мағыналары «нәпсіні есік сыртында қалдыру», яғни сопы астанадан ішке кірерде тәкаппарлығын, менмендігін және дүниеге деген құмарлығын сыртта қалдыруды рухани тұрғыдан әдеп ретінде қабылдайды. Демек, әдептің орны ретінде, Иасауи ілімінде табалдырық қасиетті саналады. Оны баспау, сүйіп өту немесе үлкен құрметпен аттау – мүршидке және ақиқатқа деген тағзымның белгісі. Ақиқатқа кіру ретінде, «Астана» сыртқы білімнен ішкі танымға, сыртқы дүниеден рухани әлемге өтуді білдіреді» дейді.

«Фана, яғни берілу қақпасы, ретінде сопылар үшін астана: «Мен келдім, өз еркімді Хақтың тәрбиесіне тапсырдым» деген мағынаны білдіреді. Көптеген сопылық ғұламалар астананы адамның жүрегіне бастайтын рухани қақпа ретінде де түсіндірген. Тарихи және мәдени мағынасыне келсек, қазақ хандығы дәуірінде «астана» сөзі бірнеше түрлі мағынада қолданылған. Үлкен теккелер мен кесенелерге, орталық мәртебеге ие ірі ханакаларға астана деген атау берген. Олар тек құлшылық орны ғана емес, сонымен бірге білім беру, қонақ күту, ас тарату және мәдени-ағартушылық қызмет атқаратын орталықтар болған. Мысалы Иасауи кешені ( кесенесі) куллиясы. Қожа Ахмет Иасауидің –рухани дәстүрінің негізгі астанасы саналған. Туркиядағв Қажы Бекташ Уәли ханакасы да – Бекташия тариқатының орталық астанасы ретінде танылған. Осы орталықтар арқылы басқа зауиялар (шағын сопылық орталықтар) басқарылып отырған. Қазақ хандығының орталық аситанесі Түркістан, ал басқа аймақтарында зауия- теккелері болған. Мемлекеттік мағынасыне келсек, «Астана-и Саадат» тіркесі бүгінгі Түркістан қаласына қатысты қолданылған. Оның мағынасы, “Бақыт қақпасы», яғни мемлекеттің орталығы, сұлтанның ордасы және хандықтың орны. Бұл мағынада «астана» тек қаланы ғана емес, мемлекеттік билікті және сұлтанның құзырын білдірген. Рухани орталық ретінде әрбір тариқаттың өзінің орталық ханакасы болған және ол астана деп аталған. Мұнда: пірдің орынбасары (постнишин) отырған, халифаттық (рухани рұқсат, ижаза) берілген. рухани тәлім-тәрбие жүргізілген, сопылар тәрбиеленген. Сонымен аситане-табалдырық – ең маңызды рухани рәміздердің бірі. Ол дүниеден ақыретке,нәпсіден Хаққа,білімнен мағрифатқа, менмендіктен толық арылып, Аллаға мойынсұнуға өтуді білдіреді. Сондықтан көптеген теккелерде табалдырықты баспау – сопылық әдептің маңызды қағидаларының бірі болып есептелген. Қазақтарда да табалдырықты баспау маңызды этикалық мәнге ие. Әдебиеттегі «астана» ұғымы көбіне астарлы мағынада қолданылады. Мысалы, Алланың құзыры, Пайғамбардың хұзыры, мүршидтің (ұстаздың) алды, сүйіктінің (мағшұқ) есігі… бәрі де осы «астана» сөзімен бейнеленеді. Хикметтердегі «Астанаңа жүз сүрдім» деген тіркес «Сенің табалдырығыңа толық мойынсұнып, зор құрметпен келдім» деген мағынаны білдіреді. Қысқасы, «Астана» ұғымы үш деңгейлі мағынаға ие. Сөздік мағынасы табалдырық, есік, кіреберіс болса, Иасауи мәдениетінде нәпсі тәрк етілетін, тасталатын, әдеп пен мойынсұну арқылы ақиқатқа бастайтын рухани табалдырық. Ал Қазақ мемлекеттілігі тарихында, ірі теккелер мен ханакалардың, кешендер мен куллиялаодың орталығы, сондай-ақ «Астана-и Саадат» атауымен мемлекет орталығы және хан билігінің қасиетті орны. Осы тұрғыдан алғанда, астана – жай ғана сәулеттік элемент емес, түркі ислам өркениетінде әдептің, ирфанның (рухани танымның), толық берілудің және рухани ішкі сапардың бастауын білдіретін аса терең рәміз болып саналады. Сондықтан Астанаға, билікке, құрылтайға аяқ басам дегендерге бұл ұғым көп нәрсені аңғартып, тарихи санамен байланыс орнатуға шақырар деген үмітім бар…» деген тілегімен пікірін қорытындылады.