Жастар қауіпсіздігіне бағытталған түнгі рейд
Түркістан қаласында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында кешкі уақытта профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Рейд жұмыстарына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы, орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтері және полиция қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындар араланып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруіне жол бермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жастарға қауіпсіздік ережелері мен қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме беріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. Рейд барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп мәдениетін қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуге шақырды. Профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаспақ.

