ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұяға беттейді. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсетіні анық.

Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев аудандық білім бөлімінің басшысы Базарова Майра Айдарбекқызымен бірге білім инфрақұрылымының жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайындығымен танысты.

 

 

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта оқуға дайындығын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қазір аудан мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық барысы қарқынды жүріп жатыр. Жамбыл атындағы орта мектебінің, Бірлес шағын орталықты орта мектебінің және Алғабас орта мектебінің  жаңа оқу жылына офлайн форматтағы дайындығын тексерді.

Еліміздегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, білім беру үдерісі кезінде қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңа оқушы орындарын ашу барынша маңызды. Сол себептен, ең алдымен мектептердегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелеріне, қажетті құрал-жабдықтардың  жұмыс істеуіне тексеріп, жіті назар аударылды.

 

 

Сонымен қатар, Білім министрі Асхат Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  мектептерді жылы дәретханалармен жабдықтау, даладағы дәретханаларды жою мәселесін 1 қыркүйекке дейін толық шешу міндеті қойған болатын. Аудан аумағында орналасқан барлық білім беру ошақтарында дала дәретханаларын жою жұмыстары зерделенді.

Дәретханалардың жұмыс істеп тұруы, одан кейін бөлек кабиналардың болуы, сумен қамтамасыз етілуі назардан тыс қалмады.

Және де, аудан әкімнің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы білім мекемелерінің аумағындағы абаттандыруды мерзімінде аяқтаудың маңызды екенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.